Әр түрлі

Петропавлда телефон байланысының пайда болғанына бір ғасыр

 

 

 

 

 

 

Абоненттік төлем қағаздары бойынша ең алғаш  телефон байланысы Қазақстан бойынша Петропавлда 1909 жылы қаңтардың 1-і орнатылған екен. Ол кезде станцияда оператор қызметін 18 бен 25 жас аралығындағы қыздар атқарған екен. Бір қызығы олар  жас ерекшелігімен қатар дене бітіміне де байланысты арнайы іріктелген. Мәселен, ол кезде телефонистердің бойы 165 см-ден төмен болмаған. Сонымен қатар жас мамандарға телефон алғанда қолын 120 см-ден жоғары көтеруге рұқсат берілмеген. Міне, операторлар осындай қатаң талаптарды сақтай  отырып жұмыс істеген.  М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы көпсалалы колледждің аға оқытушысы Серік Дүйсенов өлкетану клубының белді мүшесі. Ол көп уақыттан бері телефон желісінің пайда болу тарихын зерттеумен шұғылданып келген. Енді еңбегінің нәтижесімен студенттерді таныстыруда.

 Серік Дүйсенов,  М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы көпсалалы колледждің аға оқытушысы:
 – Бүгін мен 1909 – 1929 жылдар аралығындағы телефон байланысының тарихы жайында  баяндаймын. Жалпы ғылыми тұрғыда телефон мен оның тарихы түбегейлі зерттелмеген. Ол туралы жеке мақалалар немесе ғылыми жұмыстар жоқтың қасы.

Дөңгелек үстел барысында студенттер қауымы мол ақпарат алды. Мәселен, жастар ең бірінші телефон құралының шведтік “Эриксон” фирмасынан шыққанын естіп, ол туралы толығырақ білуге құмартты.  

 Юлия Попова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ жанындағы көпсалалы колледж студенті:
 -Біз бүгін ауқымды ақпарат алдық.
Ең алғашқы телефон станциясының бізде ашылғанын естіп, өз қалам үшін қатты қуанып тұрмын. Жалпы біздің өлкеміздің тарихы бай екеніне тағы да бір мәрте көзім жетті.

Бүгінгі таңда үй телефоны екінің бірінде бар. Ғылымдағы серпінді жетістік құралы барша әлемнің қажетіне ие аппаратқа айналып отыр. Онсыз өмірді елестету де қиын. Ал телефонның тарихымен танысу, әсіресе  өз өңіріміздегі байланыс туралы зерттеу өлкетанушылардың борышы дейді жиынға қатысушылар.

  Юлия Пискунова, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ақпараттық бөлімінің меңгерушісі:
-Біздің облыстық кітапхана республикамыздың басқа да кітапханалары сияқты өлкетану мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз баспа жұмысымен де айналысамыз. Серік Атығайұлы Петропавлдағы және жалпы телефон байланысына қатысты көп қызықты мәліметтер жинапты. Енді сол ақпаратты жастарға таратқымыз келеді.  

Гүлден Сәрсенбаева