Әр түрлі

Қаңтардың 7-сі – Рождество мерекесі

 

 

 

 

 

Петр мен Павел әулиелердің құрметіне тұрғызылған Соборда Рождество  мерекесіне дайындық ертеден басталды. Шіркеуге кіре беріске Иса пайғамбар дүниеге келген үңгір жабдықталды.    Иса пайғамбар осыдан 2011 жыл бұрын осындай жерде өмірге келді деген аңыз бар. Рождество мерекесі де сол уақыттан тойланып келеді. Сәби туғанда төрткүл дүниенің дана-ақылгөйлері оған алтын әшекейлерін сыйға тартқан. Бұл дәстүр осы заманға дейін сақталған.  Бүгінде петропавлдықтар бір-біріне өз сый-жоралғыларын жасауда.

 протоиерей Сергий, әулие апостолдар Петр мен Павел  Соборының басшысы: 
 – Бұл мерекеде міндетті түрде туған-туысқандарға, достарға қонаққа барып, мейман болу керек. Әсіресе, осы күні тұрмысы төмендерге ерекше назар аударып, сыйлықтар жасаған дұрыс.  

Рождество мерекесіне дейін православиелік христиандар  40 күн ораза ұстады.  Ал мереке қарсаңында барлық діндарлар құдайға құлшылық ету үшін храмға жиналған.  Әдетте Рождество күні құдай үйіне аяқ басқандар тазалық пен пәктіктің белгісі – ақ жамылып келеді. Бұл күні иконалар да ақ гүлдермен көмкеріліп, қабырғаларға жас қарағай бұтақтары ілінеді.

протоиерей Сергий, әулие апостолдар Петр мен Павел  Соборының басшысы: 
Бұл туралы бір аңыз бар. Иса пайғамбарға барлығы өз сыйлықтарын жасап жатқанда, жас қарағай ағашы шетте жалғызсырап тұрған. Өйткені оның сәбиге жасайтын сыйлығы болмапты. Сол кезде Иса керісінше  осы ерекше күні шыршаны әсемдеп, түрлі ойыншықтар ілеміз деген екен.

Сондай-ақ, мереке күндері жастар қызықты ойындар ұйымдастырып, үй-үйді аралап, ән салған. Алайда  шіркеудегілер бал ашу  – христиан дініне жат әрекет екенін айтады. Храмдардағы мерекелік құдайға құлшылық ету таң атқанша жалғасады. Ал ауыз бекіткендер кешкі алтыдан кейін, яғни аспанда алғашқы жұлдыз көрінісімен нәр тата алады.

Гүлмира Шоқтыбаева