Әр түрлі

Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады

 

 

 

 

 

Құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері үшін барша халық отбасымен тойлайтын Жаңа жылды жұмыста қарсы алу қалыпты жағдай. Өйткені  бұл мамандық иелері кез-келген төтенше жағдайға дайын отырады. Оларға аптаның 7 күні бірдей, себебі адамның өміріне қауіп сұранып келмейтінін жақсы түсінеді. Құқық қорғау органдары желтоқсанның 29 бастап күшейтілген тәртіпте   жұмысқа кіріскен. Қызметшілердің 30 пайызы тәртіпті қадағалауға жұмылдырылды. Жедел басқару орталығында бейнекамералар арқылы бақылау да жіті назарда.

  Ерғали Бисембаев, жедел басқару орталығының кезекші аға инспекторы:
 – Қалада орналастырылған бейнекамералар бойынша   қоғамдық тәртіп қадағаланады. Егер ондай фактілер тіркелген жағдайда сол жерлерге күшейтілген жедел топтар жұмылдырылады. Сонымен қатар қалада орналасқан шыршалар, мұз қалашықтарына     күшейтілген кезекшілікте қызметшілер жұмылдырылған.

Кардиолог Андрей Левченко биыл жаңа жыл мерекесін қызмет барысында бірінші рет қарсы алып отыр. Дәрігер біреу денсаулығына шағымданып, қоңырау шалған жағдайда керек құрал-жабдықтарын жинап, дереу науқасқа жәрдем беруге аттануға әзір.

  Андрей Левченко, кардиологдәрігер:
Жаңа жылда жұмыс күндері жоспарланып отыр. Басқалар дем алса, біз жұмыс істейміз. Сағат он екіні соққанда, бір кесе шай ішуге үлгерсек, біз үшін сол бақыт.

Тілсіз жаумен, табиғи апаттармен күресетін Ернар Әлтиев өз таңдауына еш өкінбейді. Өйткені ол үшін ең маңыздысы – адам игілігіне қызмет ету. Жаңа жылда кезекшілікке түскен Ернар 112 нөміріне қоңырау шалған азаматтарға жауап беріп, шақыртқан жерге тиісті құтқарушыларды жіберіп отырады.

 Ернар Әлтиев,  СҚО төтенше жағдайлар департаменті апат орталығынаң жедел кезекшісі:
– Біздің қызмет 31-і күшейтілген тәртіпте 112 нөміріне түскен қоңырауларға жауап беріп, тиісті шараларды қолданады. Ол күні жол- көлік оқиғасына, қардың көп мөлшерде түсуіне және т.с.с мәселелерге байланысты алуан түрлі шағымдар түседі.Біз әрбір қоңырауға көңіл бөліп, әрбіріне жәрдемдесеміз.

Осылайша, жерлестеріміз бүкіл әлем тойлайтын мейрамда елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін ойлап, тынымсыз еңбек етеді.  Гиппократ антын берген азаматтар да өз борыштарын абыроймен өтеуге әрдайым әзір.

Айдана Демесінова