Әр түрлі

«Фирма Алекри» ЖШС үшін өтіп бара жатқан жыл жемісті болды

 

Ел көлемінде белгілі «Фирма Алекри» ЖШС республикамызбен бірге жасасып келеді. Қазақстанның ішкі нарығында құс еті мен жұмыртқа   шығаруда алдыңғы қатардан орын алатын фабрика бүгінге дейін жұмысын өрге домалатпаса, кейінге шегінген емес. Барыс жылы да серіктестік үшін толағай табыстарға толы болды.

  Александр Прядко,  «Фирма Алекри» ЖШС директоры:
– Бұл жыл бізге жемісті болды.
Биыл екі нысанның құрылысын аяқтадық. Біріншісі жұмыртқа сақтауға арналған қойма. Онда өнімді сұрыптайтын машина орналастырылған. Екіншіден, балапандарға арналған қора салынды. Ол жерде 120 мың шібиге шақталған орын бар.

Кәсіпорынның иелігінде құс өсіруге  лайықталған 6 қора бар. Олардың барлығы тауықтардың күтіміне ыңғайластырылған. Мәселен, жақында бір қора  толық қалпына келтірілген. Бұрын құс фабрикасының қызметкерлері жұмыртқаны қолмен жинайтын, 2009 жылы база толық жөндеуден өтіп, техника автоматтандырылғандықтан жұмыртқалар маманның қолына өзі келеді. Ағымдағы жылдың қазан айында фабрика кешені жаңа техникалық құралмен толыққан. «Сталкат»  деп аталатын машина жұмыртқаны автоматты түрде өзі сұрыптайды. Мәселен, ол 1 сағаттың ішінде 54 мың өнімді іріктейді екен.
Мамандардың айтуынша, заманауи құрылғы алынғалы жұмыс жеңілдеді.

  Людмила Мухамедова,  «Фирма Алекри» ЖШС құстар кешенінің атқарушы директоры:
 – Жұмыртқалар цехтан сұрыптау машинасына келіп түседі.
Бұл техника Голландиядан әкелінген. Онымен қоса өнімді штамптайтын машина да алдық. Ол «Домино» фирмасынан. Атап айтқым келетіні, біздің кәсіпорындағы азық-түлік европалық  стандартқа толық сай. 

Айтса айтқандай, фабрика өнім сапасына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Биыл өндіріс орны жылына 60 миллион жұмыртқа шығаратын кәсіпорындардың қатарына қосылды. Енді фабрика қызметкерлерінің мақсаты тауықтарды алмастыратын шібилердің қатарын молайту. Сонда жұмыртқа сапасы да жақсарады дейді Александр Прядко.

  Александр Прядко,  «Фирма Алекри» ЖШС директоры:
 – Болашақтағы жоспарымыз бойынша екі ғимаратты шіби асырауға арнағымыз келіп отыр.
Онда жаңа құрал-жабдықтар қойылады. Әр корпуста 50 мың құс басына орын әзірленеді. Ол жерде өнімді көп әкелетін тауықтың ерекше түрлері өсіріледі.

«Фирма Алекри» ЖШС директоры Александр Прядконың  еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жақында кәсіпкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Алайда өз ісінің майталманы осы жеткен жетістігімен тоқтамайтынын айтады. Алдағы уақытта кәсіпкер өз өнімін Ресей сөрелерінен көрсетуді мақсат тұтып отыр.

Гүлден Сәрсенбаева