Спорт

Кикбоксшы Самат Қадырбеков – жыл спортшысы

 

 

 

 

 

6637 әскери бөлімнің офицері Самат Қадырбековтың маңдай тері мен үздіксіз дайындықтарының арқасында келген жеңістері тиісінше бағаланып, облыс орталығының жыл спортшысы деп танылды. Бұл беделді атаққа жету үшін Самат кикбоксингпен 10 жыл қатарынан тынымсыз жаттыққан. 67 келі салмақ дәрежесінде еліміздің 5 дүркін чемпионы, сонша мәрте кубоктық турнирлердің бас жүлдесін иемденіпті. Қол мен аяқтан жасалған соққыларды жылдам әрі шебер үйлестіруді меңгеріп алған жерлесіміз халықаралық додаларда да өзімен тең қолғап түйістірер қарсыластың жоқтығын дәлелдеп шықты.

Самат Қадырбеков,  кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
 – 2010 жыл мен үшін өте табысты болды.
Ұлттық құрамадағы орнымды сақтап қалып, Венгрияда өткен әлем кубогының иегері атандым. Бұған дейін әлем біріншілігіне үш мәрте қатысы,  жүлдегерлер қатарынан көрінетінмін. Бұл жолы жақсылап сайланып барып мақсатыма жеттім.

Осылайша аспан асты елінің астанасы Пекинде өтетін бүкіл әлемдік жарысқа жолдаманы ұтып алды. Шаршы алаңда қарсыласын ебін тауып ойсыратып жүрген халықаралық спорт шебері Саматтың мерейі үстем болған жеңістерінің саны көп. Ол кәсіпқой чемпиондар турнирлерінде  де бағын сынап жүр.

Самат Қадырбеков,  кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
 – Мен қоян мен мысық жылы туғандықтан бойымда бұл жануарлардың икемділігі, шапшаңдығы мен жылдамдығы бар шығар. Сондықтан келер жылы да әуестігімнің толағай жетістігін көремін деп ойлаймын. Десе де сәттілікке ғана үміт артпай, шеберлігімді ұштай түсудің жолдарын іздеймін.

Биыл жұлдыздай жана білген Саматқа келер жылы мықтылығын Азия мен әлем біріншілігінде тағы дәлелдеу керек. Әзірге салауатты өмір салтын қолдайтын ізбасарларын өзі білген амал-тәсілдеріне машықтап жүр.

Самат Қадырбеков,  кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
 Спорт менің өмірлік серігіме айналды. Маған бергені мол. Біріншіден, әрине денсаулық. Күш жігерімді қайрап, нағыз офицер болуға тәрбиеледі. Сондықтан жастарға айтарым, саулауатты өмір салтын қолдап, спортпен айналысыңдар. Одан еш уақытта жеңілмейсіңдер. Жаңа жыл баршамызға құт береке,  жаңа жеңістер әкелсін деп тілеймін.

 Жеңіс Ермұқанов