Әр түрлі

Барыс жылының жақсылықтары аз емес

 

Владимир Шурыгин 2010 жылы тұрақты жұмыс орнын тапқан. “Жол картасы” бойынша құрылысшы болып орналасқан ол көп ұзамай бригадир қызметіне тағайындалды. Біздің жұмыс көп ретте білінбегенімен, аса маңызды дейді. Мәселен, жаз бойы Владимир тынбай еңбек етіп, Интернационал көшесіндегі суағарларды қалпына келтірген.

  Владимир Шурыгин:
2010 жылы тұрақты жұмысқа орналасқаныма қуныштымын. “Жол картасына” рақмет. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы көшемен жүрген кезде еңбегімізді көріп риза боламын. Облыс тұрғындарын жаңа жылмен құттықтағым келеді. Әр шаңыраққа денсаулық, бақыт, қуаныш тілеймін.

2010 жылы жол полициясының инспекторлары Жамбыл Топаев пен Әскербек Жәнібеков мінсіз қызметтерімен ерекшеленген. Тәртіп сақшылары екі адамның өмірін сақтап қалды. Түнгі кезекшілікте жүрген инспекторлар отқа оранған үйден ұйықтап жатқан адамдарды алып шығып, ажал аузынан құтқарып қалды. Жедел қимылдаған қырағы полицейлер тілсіз жаудың көрші үйлерге жетуіне  жол бермеді.
   Барыс жылы Ақбердиевтер отбасы үшін жақсы жаңалықтарға толы болған. Жас отбасы биыл үш бөлмелі пәтердің кілтін иеленді. Облыстық аурухананың  хирург-дәрігері Ержан Ақбердиев Петропавлға екі жыл бұрын әйелі мен екі баласымен көшіп келген екен. Биылға дейін төртеуі бір бөлмелі коммуналдық пәтерде тұрған. Әрине, асыр салып ойнайтын балалар үшін бір бөлме тарлық ететін дейді ата-анасы. Ал енді төрт жасар Бейбарыс пен екі жарым жастағы Ернұрдың жеке өз бөлмелері бар.
Ал 2011 жылдың басты сыйлығы – Ақбердиевтер отбасы тағы бір жанға толығып, үлкен қуанышқа кенелмек.   
2010 жылдың жерлестерімізге әкелген жақсылығы мол. Әркімнің өз жетістігі бар.

  Нина Антонова:
 – Биыл біздің отбасымыздағы үлкен оқиға – баламыз мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Болашағынан күтеріміз мол.

Қысқасы, барыс жылы еліміз үшін де, халқымыз үшін де толағай табыстарға толы болып, тарих қойнауына аттанбақ. Жаңа 2011 жылдың күнпарақтары да жақсы жаңалықтармен ашыларына сенімдіміз. Қоян жылынан күтеріміз көп,  үмітіміз  үлкен. Ең бастысы, жаңа жыл баршамызға құтты жыл болсын деп тілейік!

 

Айымгүл Әбілева