Әр түрлі

Аяз ата мен Ақшақарды шақырушылар көп

 

 

 

 

 

 Бұл үлкен отбасының базары Полина, Катя есімді екі кішкентай ханшайым мен 3 жасар Никита. Олар үшін Аяз ата мен Ақшақар өте таныс, жақын адамдардай болып кеткен. Сондықтан биыл да балалар алыс солтүстіктен келе жатқан қонақтарды тағатсыздана күтіп жүр. Жаттаған тақпақтарын да сан мәрте қайталап үлгерді. Катяның анасы Юлия Чуб балаларына мұндай сыйлық жасауды отбасылық дәстүрге айналдырыпты.

  Юлия Чуб:
– Мен балаларымды қуанту үшін Аяз ата мен Ақшақарды жылда шақырамын. Біз үшін солардың шаттығын көруден артық бақыт жоқ. Бәріңізге де Жаңа жылда осындай отбасылық қуаныш, құт-береке, мол табыс тілеймін.

Міне, бәрі асыға күткен жолаушылар да келіп жетті.
Кірген беттен Ақшақар балақайлардың көңілін тапты. Үйдегілердің бәрі үлкен-кіші демей бірден көңілді кештің кейіпкерлеріне айналып кетті. Көп күттірмей есіктен Аяз ата да көрінді. Қызықты ойындар ойнатып үлкендерді күлгіге, ал бүлдіршіндерді өздері қалаған сыйлықтарға қарық қылған қонақтар бұл отбасына  шын мәніндегі жаңажылдық естен кетпес кеш сыйлады.

Балалар:

-Мен өзім тілеген сыйлығымды, Ханна Монтананың дискісін алдым. Қуанышым шексіз, бауырларым да мәз-мейрам болып жүр.
 – Мен биыл сабағымды жақсы оқыдым, сол үшін Аяз ата маған самолет сыйлады, оған рақмет айтамын.

Ертегідегі Аяз ата мен Ақшақар, ал шынайы өмірдегі Анастасия мен Андрей Букатовтар 8 жыл бойы адамдарға қуаныш сыйлап келеді. Олар бала тұрмақ, ересектерді де бір сәтке ертегі әлеміне енгізіп жібере алады.

  Анастасия Букатова, Ақшақар:
 – Ақшақардың киімін киген кезде мен шын өмірдің барын ұмытып, ертегі кейіпкеріне айналып кетемін.
Меңіңше, балаларға қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ. Құрметті жерлестер, шын жүректен барлығыңызды жаңа жылмен құттықтаймын, сіздерге отбасылық шаттық, зор денсаулық тілеймін. Үйлеріңізде әрдайым балалардың сыңғырлаған күлкісі естіліп тұрсын.

Бұл адамдар үшін ең басты сыйлық – балалардың шаттыққа толы жүздерін, ата-аналардың алғысқа толы сөздерін есту. Осы тартуды мына үйден молынан алған бұл кейіпкерлер енді келесі отбасын жаңажылдық ғажайып күйге бөлеуге асығып кете барды.

  Кәусар Аяпбергенқызы