Өнеркәсіп

Петропавл құрылыс материалдары зауытының 2010 жылғы жетістіктері

 Үстіміздегі жылы Петропавл құрылыс материалдары зауытында диаметрі 300 мм-ден 1000 мм-ге дейінгі екі бірдей құбыр жасау желісі іске қосылды.

Оның бірі мырыш жалатылған болат құбырларға полиуретан құю. Мұндай қосалқы қаптама ішкі температураны сыртқа шығармай ұстап тұрады. Сондықтан жылуды үнемдеуде көмегі мол. Құрастырушылардың айтуынша,

 

жаңа өнім қақаған қыстың қандай болмасын суығына төтеп беріп, қатудан сақтайды. Төзімділігі де артады. 50 жылдан артық қызмет етуге жоспарланған. Ал келесі желіде полиэтилен құбырлардың өндірісі жолға қойылыпты.

 Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:
– Жаңа желілерді іске қосу үшін “Даму” қорының қолдауымен екінші деңгейлі банктен төмен пайызбен несие алдық. Оның бір бөлігі заманауи құрылғы алуға жұмсалса, қалған сома өндірісті ұлғайту үшін айналымға жіберілді.

Арнайы шетелдік қондырғы толығымен автаматтандырылған. Сондықтан бұл жаңа технологиялық желі адам күшін аса қажет етпейді. Озық үлгідегі құрылғының көмегімен сағатына 800 келіге дейін дайын өнім шығарылады екен.

  Павел Матвеев, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты»  ЖШС операторы:
Бұл халықаралық стандарттарға сай технологияның ұтымды жақтары көп. Өнімділік бірден артты. Уақыт біршама үнемделеді. Біздің жұмыс біршама жеңілдеп қалды.

Сондай-ақ зауытта құрылыста кеңінен пайдаланылып жүрген сип-панельдер мен сэндвич-панельдер, темір шатырлар дайындалады. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша зауытқа 60 үйдің құрылыс материалына тапсырыс түсіпті.  Серіктестіктің бас директоры Александр Кондратов бүгінде зауыт өнімі Қазақстанда үлкен сұранысқа ие екенін айтады. Петропавл құрылыс материалдары зауыты биыл “Қазақстанның үздік тауарлары” республикалық көрме-байқауының үшінші дәрежелі дипломымен марапатталды.

Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:
– Біз облыста 7 жылдың ішінде алғаш болып бұндай марапатқа ие болдық.
Кәсіпорын өнімнің санынан бұрын сапасына үлкен мән береді. Біз биыл халықаралық ИСО 90001 сапа сертификатын алдық.  

Биыл зауыттың еңбек өнімділігі 157% артып, 846 млн. 110 мың теңгенің өнімі шығарылыпты. Еліміздің өзге облыстарына жөнелтілген өнім өткен жылмен салыстырғанда 205 % пайызға өскен. Кәсіпорын басшылығы бұнымен тоқталмай, әріптестік аясын кеңейтіп, келесі жылы Ресей нарығына шығуды көздеп отыр.

Жеңіс Ермұқанов