Спорт

Сергей Харламов – олимпиадашы

 

 

 

 

 

 
Қытайдың Гуанджоу қаласының спорт кешендері Азияның 42 елінен 3 мыңнан артық мүгедекті жиды. Бағдарламадағы спорттың 16 түрінің  6-да қазақстандық спортшылар өнер көрсетті. Ұлттық құраманың сапында республика намысын жеңіл атлетикадан халықаралық спорт шебері солтүстікқазақстандық Сергей Харламов қорғады. Жерлесіміз сары құрлық желаяқтарымен  спринтерлік қысқа қашықтықтарда тартысқа түсті.

 Сергей Харламов, мүгедектер арасындағы Азия ойындарына  қатысушы:

– Мен 100, 200 метрлік жүгіру қашықтықтарында үздік ондыққа ілініп,  7-ші болып келдім. Ал 400 метрде қола жүлдеге қол жеткізуге 3 секунд жетпей қалды. 4-ші орын да жаман көрсеткіш емес. Үлкен тәжірибе алып, шеберлік жинап қайттым. Маған үлкен сабақ болды. Келесі жолы жүлдегерлер қатарынан көрінетін боламын .

Тағдыр аяқтарынан шалған жандар үшін бұл жарыс спорттық дәрежені көтеруге ғана емес,  қоғамда өз орын табуға көмектеседі. Қиындыққа мойымай, алға ұмтылудың өзі үлкен жеңіс. Сергей Харламовтың жастайынан құлағы мүкіс. Буындары ұстамай, тірек- қимыл жүйесі де зақымданған.  40 жасқа келген Сергей күн сайынғы жаттығулар нәтижесінде  еліміздің мүгедектері арасында  ең үздік желаяқ атағына қол жеткізді. Ресейдің ашық біріншілігінде ұтып, 4 жылда бір өтетін Азияның жазғы параолимпиадалық ойындарына да сәтті қатысып қайтты.

Сергей Харламов, мүгедектер арасындағы Азия ойындарының қатысушы:

–  Мен жарыс десе бар мәселені кейін ысырып,  жақсы нәтиже көрсетуге талпынамын. Алғашқы ірі додам болғандықтан тіпті өзімнің туған күнімді де ұмытып кетіппін. Азиялық спорт комитеті құттықтап, сыйлық әкелгенде бір-ақ есіме түсті.

Спорттық жетістіктерге толы болған Барыс жылының жеңістерін Сергей алдағы Қоян жылында еселеймін деп отыр. Ол үшін халықаралық спорт шеберінің    күш- жігері жеткілікті.  Өңірімізде кеңес беріп, жеңістерге бастайтын бапкерлер де бар. Ендеше іске сәт.

Жеңіс Ермұқанов