Білім

“Балапан” 700 бүлдіршінге көмектесті

 

“Искорка” балабақшасы қазір күн сайын  248 бүлдіршіннің сыңғыр күлкісімен жаңғырып тұр. Олардың елуі  3 пен 4 жас аралығындағы балалар мұнда қыркүйек айынан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында қабылданды.  Оқу үрдісі ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағдарлама бойынша жүргізіледі.

  Светлана Ермохина,  “Искорка” мектепке дейінгі тәрбие беру орталығының аға тәрбиешісі:
 -Біз “Зерек бала”, “Алғашқы қадам” және “Біз мектепке барамыз” бағдарламаларын қолданамыз.
Оған қосымша лингвистикалық, эстетикалық және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыттары бар. Біріншісіне сәйкес мемлекеттік және ағылшын тілдерін үйретеміз, екіншісінде музыка, сурет салу, хореографияға бейімдейміз. Ал үшінші бағыт бойынша балалар дене шынықтырумен айналысады.  

Аталған 50 бала үшін әр ата-ана айына 7 жарым мың теңге төлейді. Қазір мұндағы балақайлар жаңажылдық шырша мерекесін өткізуге қызу кірісіп кетіпті. Мемлекеттің қамқорлығын бірінші кезекте ана-аналар сезініп отыр. Бүгінге дейін қала бойынша 7000 бала кезекте тұрса, биыл олардың қатары шамамен 700-ге қысқарды.

  Евгения Каспанова:
– Мен балам туған мезеттен кезекке тұрдым.
Қазір ол үштен асты. Осыған дейін мен университетте оқыдым, ұлыммен апам отырды. Енді бәрі тамаша, балам жақсы жетіліп келеді, қазақ тілінде сөйлей бастады. Ән де айта аламыз.

Келесі жылы осындай қуанышты ата-аналар мен балалар санын 1 200-ге дейін көбейту көзделіп отыр. Балабақшалармен қоса биыл қалада 12 мектептің жанынан 320 орындық шағын орталықтар ашылды.  Жоспарларға қарағанда келер жылғы жұмыстар да осындай жедел қарқынмен жүргізілетінге ұқсайды.

  Аманжол Бекенов, қалалық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
 –  “Ивушка” деген балабақшада тағы 100 орын ашу, одан кейін институт бізге бұрынғы Ленин атындағы бақшаны қайтарып жатыр, онда да 100  орын.
Ендігі жылы қалада тағы 1 балабақша салынады, 320 орынға. Оны 2011жылы ашуға тырысамыз.

“Искорка” сияқты жекеменшік балабақшалар Петропавлда жетерлік. Ал әлеуметтік  әріптестік бағдарламасына әзірге 4-уі ғана тартылды. Алдағы уақытта олардың саны артса, қолайлы жағдайда мектепке дейінгі сапалы тәрбие ала алатын бүлдіршіндер саны көбейері анық.

Кәусар Аяпбергенқызы