Әр түрлі

«Солтүстік Қазақстанға» – 90 жыл



 

“Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” атауларымен шыққан бүгінгі “Солтүстік Қазақстан” газетіне 90 жыл толып отыр. Белді басылым ұжымын айтулы оқиғамен облыс әкімі құттықтады.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Облысымыздың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиға  – “Солтүстік Қазақстан” газетінің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі күні “Солтүстік Қазақстан” еліміздегі белгілі де белді газеттердің бірі. Қазір  облыстың бас газеті болып қана қоймай, оқырман қауымның сүйікті басылымына айналды.
 

Торқалы тойда  редакцияның бірқатар қызметкерлеріне ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталары, облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтары табыс етілді.  Қаламын қару еткен журналистердің алды бүгінде 70-ке келіп отыр. Алайда  олар да заман ағымынан қалыспай, кейінгі толқын өкілдерімен қатар елге жаңалық таратуда. Редакцияның ақсақалы, еңбек ардагері, тілші Мұрат Нұрмұқанов “Ең қайратты журналист” атанып отыр. Саясат бөлімінің редакторы Нұрсайын Шәріп “Ауыл жанашыры” ретінде танылса, редакцияның жүргізушісі Сәкен Сәденов “Өз ісінің шебері” атағына ие болды.

 Сәкен Сәденов, жүргізуші:
Ылғи да аудандарға командировкаға шығамыз. Біз журналистерді тасимыз. Біз жүргізуші болсақ та, газеттің шығуына өз үлесімізді қосамыз.

Тоқсан жылды тоғыстырған газет ғұмырының үштен бір бөлігіне өз қолтаңбасын қалдырған қаламгердің бірі – Зейнолла Әкімжанов. Жерлесіміз облыстың төл газетіне 36 жыл ғұмырын арнаған. Осы күні жаңа ғасырдың сөзін сөйлеп, өткен ғасыр мен бүгінгі күнді байланыстырған алтын көпір іспеттес газеттің тарихы терең дейді қалам иесі. Басылымның бүгінгі келбетіне мыңдаған жерлестеріміз өлшеусіз үлес қосқан.

 Зейноллла Әкімжанов, шеф-редактордың орынбасары:
– Кезінде біздің газет бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде қойылды. Одан кейінгі міне, республикада қазақ баспасөзінің қара шаңырағы  “Егемен Қазақстаннан” кейінгі екінші орында. Бұл газетті ұлы Мағжан басқарған. Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Айсарин басқарған.
 

Бүгін де басылым беттерінде облыс өмірінің барлық салаларындағы игі өзгерістер жан-жақты көрініс тауып, орын алған кемшіліктер де әділ сыналып жатыр. Елбасы жолдаулары мен үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының жүзеге асуы, жергілікті биліктің өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақтылы іс-әрекеті газет арқылы барлық облыс тұрғындарына жетіп жатыр. Редакция ұжымы тіл мәселесін де назардан тыс қалдырмай келеді.

 Кәрібай Мұсырман,  облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы:

 – Басылым беттерінде ел мен жер тағдыры, тіл мен діл, дін тақырыбындағы жарияланымдардың қоғамдық пікірді қалыптастыруға тигізген ықпалы зор болғаны анық. Мұның оң нәтижелері кейінгі жылдары облысымыздың рухани саласында болып жатқан елеулі өзгерістерден байқалады. Әсіресе, біздің өңірдегі мемлекеттік тілге бетбұрыс көңілге үлкен сенім ұялатады.
 
Тоқсан жылдығын “солтүстікқазақстандықтар” үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр. Осы күні газеттің таралымы 10 мың данадан асқан. Сақалды басылым қызметкерлері облыс орталығында шығатын  “Қызылжар нұры” және аудандық  газеттерге  жанашырлық жасап жүр.

Гүлмира Шоқтыбаева