Балалар

«Жасыл ел -2010» : жыл қорытындысы

 

 

 

 

 

“Жасыл ел” жастар жасағының  жұмысқа кіріскеніне  5 жыл. Бұл уақытта студент, оқушы жастар табиғат қорғау ісіне белсене араласып, орманшылардың белсенді көмекшілеріне айналған. Жыл соңында жазғы жұмыстың қорытындысы шығарылуда. Еліміздің даласы мен қаласын жасыл желекке айналдыру  – Елбасының тапсырмасы. Бұл бастаманы Қазақстан жастары бірлесе қолға алған. Үстіміздегі жылы облыстағы “Жасыл ел” жасақтарында 440 студент пен оқушы еңбек етті. Барлығы ай сайын орташа 30 мың теңгеден жалақы алды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғаспақ.

  Арман Әлжанов,  “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары республикалық штабы облыстық филиалының төрағасы:

Бұл жастар – ең белсенді жастар. Әркім өз ойларымен келді. Студенттердің жалақыларына облыс бюджетінен 9 млн-нан аса бөлінді. Тағы әкімнің атынан 3 млн теңге бөлінді.

Елді мекендерді көркейту, мемлекеттік орман шаруашылықтарына қолғабыс етудің түп-төркінінде халқыңа деген сүйіспеншілік, отанға деген патриоттық рух жатыр.

Ерлік Жанділдин,  облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы:

Еліміздің, өңірдің көркеюіне қосқан үлестеріңіз мол. Біздің облысымызда “Жас өркен” деген бағдарлама бар. Жеңістің 65 жылдығына Жеңіс саябағында мыңдаған ағаш отырғызылды. Осыған үлкен үлес қостыңыздар.

Ал жаз бойы жұмыста белсенділік танытып, аянбай еңбек еткен 15 студент облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Өңір басшысының атынан тапсырылған ноутбуктердің жасылелдіктер үшін келесі жылдары жұмысқа білек сыбана кірісуге серпін берері де анық.

  Ербол Махметов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Осы жұмыс басталарда облыс әкімі жақсы-жақсы сыйлықтар болады деп уәде берген еді. Сол уәдесін орындады. Бұл бағдарлама Қазақстан үшін өте қажет. Студенттер жаз айларында ақша жинап, оқуларына төлеуге мүмкіндік алады.

Келесі жылға да жоспар үлкен. Өңіріміздің әр ауданын, даласын көгалдандырып, қаласын көркейту міндеті тұр.

Әсем Сембина