Спорт

Жүзгіштер арасындағы жаңажылдық жарыс

 

 

 

Су спортын таңдаған өңіріміздің жас жүзгіштерінің жыл бойғы даярлықтарын сынауға арналған жарыс жаңажылдық ертеңгіліктен басталды. Аяз ата мен Ақшақар сайыскерлерге жақсы көңіл-күй сыйлап, маңызды сынақтың алдында жігерлендіріп алды.   Әсем шыршаны айналып ән салып, қызықты ойындар арқылы бойларын сергіткен соң балалар думанды суда жалғастырды.

  Теміртас Әлжанов, су спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің “Дельфин” олимпиада резерві спорт мектебінің директоры:
– Биыл біз үшін жаман болған жоқ. Азия ойындарында біздің Поляков күміс және қола медаль алды. ҚР оқушылары арасындағы жарыста Сорокина 2 алтын және тағы 4 күміс алып, бірінші орын алдық. Суға енді үйреніп жаңа келген балалар да бар. Олар 1-ші рет жарысқа қатысып жатыр.

Барыс жылындағы соңғы жарысқа алдымен нәзік жандар шықты. Әл-Фараби мектеп лицейінің оқушысы Әйгерім Жамбылова жарысқа алғаш қатысып отыр.  Дегенмен өзін суда балықша сезінетін 8  жасар қыз 50 метрлік жүзу жолын еш қиындықсыз бағындырды.

 Әйгерім Жамбылова, сайыскер:
– Бүгінгі Аяз ата мен Ақшақар бізге жақсы көрініс қойды.
Маған жүзу спорты өте ұнады. Бүгін жақсы жүздім деп айта аламын.

Жарыс кезегі одан әрі ер балаларға тиді. Әлібек Тұрғанәлиев  облыс деңгейіндегі жарысқа алғаш қатысып отыр. Дегенмен сүйікті кроль әдісінің көмегімен қарсыластарына үлкен бәсекелес бола білді.

  Әлібек Тұрғанәлиев, сайыскер:
– Мен екінші келдім. Бұл менің алғашқы жарысым. Жүзу үйірмесіне екінші жыл барып жүрмін. Ендігі жарыстарда тек қана жеңіске жетуге тырысамын.

Жалпы бұл күні 8 бен 13 жас аралығындағы жеткіншектер кроль, баттэрфляй, арқамен және еркін жүзу әдістері бойынша бап пен бақ таластырды. Барлығына бір қашықтық берілді. Сөре мен мәре арасы 50 метр. Суырылып алға шыққандары келесі қоян жылындағы додаларда өңір намысын қорғайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов