ТКШ

Қыс ортасында құбырлар жарылды

    

 

Ондаған үй тұрғындарының тәтті ұйқысын судың сарыны бұзды. Таңғы бестен аққан су айналаны басып үлгерген. Біртіндеп үйлердің ішіне де кіріп алыпты.

 Тұрғын:

– Маған сағат 9-да су басып жатыр деп қызым хабарласты. Шешем жылап отыр. Жүгіріп келсем, үйдің іші суға толып кетіпті.

Николай Глазуновтың ауласы да қас қағым сәтте судың қоршауында қалды. Жалғыз күші жетпеген соң арнайы техника шақыртып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуден басқа амалы қалмапты. Алайда  бұл әрекетінен де ештеңе шықпады. Осы уақытқа дейін ауладан 15 текше метрден артық су сорылғанымен, деңгейі төмендер емес. Керісінше, су басқан аумақтың көлемі көз алдында ұлғайып бара  жатыр.

  Николай Глазунов:
– Су тоқтамай ағып жатыр, ағып жатыр. Гараждың сыртынан келіп жатыр. Ол жақтағы үйлер суда қалса, төмендегі біздің жағдай тіпті мүшкіл.  

Күтпеген жерден көл боп аққан судың кесірі М. Жұмабаев көшесінің бойындағы тұрғындарға тіпті ауыр тиіп отыр. Бұл жерде оның деңгейі 30 сантиметрден асып кетіпті. Төтенше жағдайдан жапа шеккендердің бірі  – Светлана Радугина. Судың жылдам жеткені сонша, Светлана үйінен шығып үлгермеген. Әйтеуір құтқарушылар көмек көрсетіп, қазір жер басып тұр. Ал үйдің ішінде қалған Светлананың туысқандары әлі судың тұтқынында отыр.

  Светлана Радугина:
 –  Таңғы сағат сегізде көршілерім қоңырау соғып, су ағып жатыр деп хабарлады. Жарты сағаттың ішінде айналамыз суға толды. Телефон шалынған уақытта біз сыртқа шыға алмай қалдық. Мені құтқарғанымен үйде ауыр халде әжем жатыр. Оның қасында тағы бір әжей мен анам отыр. Өйткені онкологиялық дертке шалдыққан әжемді сыртқа шығаруға болмайды.

Құтқарушылармен бірге апат орнына облыс орталығының барлық шұғыл әрекет ету қызметтері тартылды. Қала әкімінің орынбасары Антон Макаров та осы жерде. Әкімдік өкілі “Петропавл су” АҚ қарамағындағы құбырды қалпына келтіру жұмыстарын  “Рүстем” серіктестігінің жөндеу бригадасы жүргізгенін айтады.

  Антон Макаров, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
 – Таң ата құбыр жарылған. Оны “Рүстем” серіктестігі биыл ғана жаңадан салған болатын. Қазір олар ақау жөнделгенше суды сорып жатыр. Ол үшін 40 арнайы көлік жұмылдырылды. Әзірше 6 құдық жұмыс істемейтін болады.

Жалпы бір құбырдың істен шығуынан тұрғындардың көбі қақаған қыста далада қалған. Біразының уақытша паналайтын жерлері де жоқ көрінеді. Қала әкімінің орынбасары Антон Макаровтың айтуынша, апаттың зардаптары жойылғанша жапа шеккендер баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл күндері сондай-ақ “Петропавл жылу желілері” ЖШС  балансындағы құбыр да сыр берді. Жарылған желінің кесірінен 10 шақты тұрғын үй жылусыз қалды.

  Андрей Калиничев,  “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
 –  Жылу магистралі қолданысқа берілгелі 21 жыл болды. Құбыр әбден тозып, ескіргендіктен жарылды. Бірнеше 1 қабатты үйге берілетін жылуды тоқтатуға мәжбүр болдық. Алайда ол желідегі 3-ші қалалық және облыстық балалар ауруханалары мен перинаталдық орталыққа жылу қажетінше жіберілуде. Ақауды жамап, іске қосу үшін атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарына қоршаулар кедергі тудырып жатыр.

Десе де серіктестік директоры Андрей Калиничев орталық желіден ажыратылған үйлерге бүгінгі кештен қалдырмай жылу жетеді деп сендірді

Жеңіс Ермұқанов