Білім

Кәсіптік лицейге – 80 жыл

 

 

 

 

Ескендір Дәуітов атындағы №5 кәсіптік лицей Петропавл тарихының ажырамас бір бөлшегіне айналған, өзіндік айрықша орны бар білім шаңырағы. Оның тарихы 1915 жылы іске қосылған консерві зауытымен байланысты. Өйткені күніне 70 мың консерві банкісін шығаратын нысанға жұмысшы кадрлар даярлау қажет болған екен. Сөйтіп, 1930 жылы ет комбинаты жанынан № 2 жеті жылдық мектеп ашылған. Ал еліміз тәуелсіздік алған соң оған кәсіптік лицей мәртебесі берілді.

  Жеңіс Бабжанов, №5 кәсіптік лицей директоры:
 – Шағын бизнесті дамытуға үлес қосамыз.
Ол үшін техникалық-материалдық базаны жақсартып, бізге жаңа ғимарат берсе деп отырмыз. Болашақта жақсы мамандарды шығаруға дайынбыз.

Өткен 80 жылда лицей қабырғасынан 25 мыңдай маман қанат қақты. Бүгінгі күні 430 студент хатшы, аспаз, тігінші, шаштараз сияқты 9 мамандық бойынша білім алып жатыр. Оларға жол сілтеушілер жылдар бойы шеберліктерін шыңдаған білікті, мол тәжірибелі ұстаздар.

  Сәуле Әбдіқадырова, №5 кәсіптік лицей мұғалімі:
 – Оқушылар тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде еңбек етіп, үлкен мекемелердің басшылары болды. Түлектеріміз қала, облыс көлемінде шеберліктерін көрсетеді. Оларды ұстаздары мақтан тұта алады.

Ұстаздарының еңбегін жандырған лицей түлектерінің бірі  шаштараз-модельер Римма Иванова.  

Римма Иванова,  №5 кәсіптік лицей түлегі:
 – Оқыған кезде қиындықтар көп болды. Бірақ мұғалімдеріміздің көмегімен шыңдалдық, үйрендік, шаш қиюдың түрлі жаңа техникаларын меңгердік. Қазір соны өз ісімде қолданып жүрмін. Ұстаздарыма рақмет.

Ал қазіргі толқын әлі қаланып бітпеген мүсін сынды. Бірақ алдағы уақытта олар да еліне пайдасын тигізер маман болады дейді ұстаздар.  

  Ләззат Гасманова, студент:
 – Мұнда 2 жыл оқимын, ұстаздар өте жақсы, толық білім береді.

Кәусар Аяпбергенқызы