Ауыл шаруашылығы

Жергілікті ғалымдар мал тұқымын асылдандырып жатыр

  
 

 

 

 

Малдың санына қоса сапасын арттыруға бағытталған кең көлемді селекция жұмыстарымен еліміздің үш ғылыми институты айналысады. Оның бірі СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Бұл кешенді тәжірибеге өңіріміздің ірі қара мал өсіретін 39 шаруашылығы қатысады. Малды асылдандыру етті және сүтті бағытты негізге алмақ. Бірақ көптеген агроқұрылымдарда тұқымы асыл емес, өнімді аз беретін малдың саны басым. Сондықтан ғалымдар малды асылдандыру бағытында облыстағы бірқатар шаруашылықтармен кешенді жұмыс істеуде.

 Асқар Естанов, СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы:
 – Бірінші жартыжылдықта анкетирование өтті. Бұл  – шаруашылықтардағы малдармен танысу, ата тегін білу.  Екінші жартыжылдықта малға жалпы кең көлемде баға беру. Соның ішінде сұрыптау жұмыстарын жүргіздік.

Асыл тұқымды ірі қара санын арттыру үшін өңірде қолдан ұрықтандыру пункттері көптеп ашыла бастады. Қазақтың ақ бас құнажындары мен шетелдік асыл тұқымды “Герофот” бұқаларынан келесі жылы алғашқы төл алынады  дейді ғалымдар. Зерттеулер көрсеткендей,  бұндай будандасудан алынған төл 1,5 жылда 550 келіге дейін салмақ жинап, тәулігіне 60 литрге дейін сүт береді екен.

Асқар Естанов, СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы:
–  Асыл тұқымды малды өзімізде өсіруге болады. Малдардың арасында аталық іздер бар. Сол аталық іздерді шаруашылықтар бір-бірімен ауыстырып, ғылым арқылы өнімділігін бірге арттырып отырса, шетелден әкелмей-ақ өзіміз ондайға жетеміз.

Мал шаруашылығын дамытуда сапалы жем-шөптің де орны бөлек. Сондықтан ғалымдар өнімділікті арттыруға септесетін жем-азық  алу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген облыс ғалымдарының да саны артуда. Биылдың өзінде ғылыми орталықтың 15 маманы біліктілігін көтерген.  Оның 5-і шетелге шығып, білгендеріне білім қосып қайтты. Келесі жылы кең көлемдегі селекциялық шаралар ұсақ малдарды да қамтиды. 

 Жеңіс Ермұқанов