Балалар

Президент шыршасына жиналған оқушылар Петропавл оранжереясын аралады



 

Тимур Рахов Президент шыршасына Тайынша ауданынан келген екен. Мерекеге «Алтын адам» бейнесінде қатыспақшы. Тимур үшін барлығы да таңсық. Жаңа жылды қарсы алуға дайындалған әсем қала, әдемі мереке. Қысты күні жасыл желекке малынған оранжерея  да ауыл баласына ерекше әсер қалдырды. Тимурдың  Ботаникалық бақты өз көзіммен көріп, араласам деген арманы жаңа жылдың алдында  орындалып отыр.  

  Тимур Рахов, мектеп оқушысы, Тайынша ауданы:
Маған қатты ұнады. Өсімдіктер өте ұнады.  Мен осы шыршаға бірінші рет келіп тұрмын. Мен шыршада Алтын адам болып киінемін. Ол батырлықтың белгісі. Сондықтан оны алдым.

Оқушылар Ботаникалық бақтың 4 залында болды. Мұнда өсімдіктің  – 1500, тастың  400-ден астам түрі бар. Құс пен аңның да неше атасы осы әсем бақты мекен етуде. Ырысты Мұқанова да баққа тұңғыш рет келіпті. Ол саяхаттан жақсы әсер алып, өсімдіктер мен жануарлар әлемі жайлы білімін толықтырды.

 Ырысты Мұқанова,  Новоишимка орта мектебінің оқушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы :
– Мен оранжереяға  бірінші рет келіп тұрмын. Менің есімде ерекше қалғаны – фатсия.Өйткені ол осы жылы ғана гүлдеген екен. Және де ол Шығыс Азия өсімдігі.

Президент шыршасына келген балдырғандардың  жолы болды, өйткені бүгінде оранжереяның көптеген өсімдіктері гүлдей бастаған. Солардың ішінде саяхатшыларға ұнап, олардың жадында ерекше сақталғаны – пуансетия. Оның гүлі жұлдызшаға ұқсайды және  жаңа жылға таяған кезде бүр жарады. Осынау әсем құбылысты тамашалаған балдырғандар болашақта да бұл баққа келетін боламыз дейді.

 Айдана Демесінова