Қоғам

Мағжанға арналған естелік тақта ашылды

 

 

 

 

 

Бір ғасырға жуық тарихы бар педагогикалық колледжге 1993 жылы ақиық ақын, ғалым Мағжан Жұмабаевтың есімі берілген болатын. Енді міне оқу орнының қабырғасына ақынның мемориалдық тақтасы орнатылды. Бүгінде Петропавлда  ақынға ескерткіш тұрғызылған, Мағжан  атында көше бар.  Салтанатты жиында Мағжан Жұмабаевтың мемориалдық тақтасына облыс әкімінің атынан гүл шоғы қойылды. Маңызды шараға колледж студенттері, зиялы қауым мен ақынның туыстары қатысты. Солақай саясаттың құрбаны болған есіл ұлын жиналғандар еске алды, өлеңдерін оқып, оның қалдырған мұрасы  жайлы айтты. Әсел Есенбаева колледждің соңғы курсында оқып жатыр. Студент Мағжанның шығармалары ұрпаққа рух береді, намысты болуға шақырады дейді.

  Әсел Есенбаева, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:
 – М. Жұмабаевтың киелі шаңырағында оқып жатқаныма қуаныштымын. Бүгін тарихи оқиға. Осы бізге қалдырып кеткен шығармалары арқасында көптеген мәліметтер алдық.

Оқытушылар ұжымы  жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығын жастарға жиі айтып отырамыз дейді. Себебі ақынның туындылары өз маңыздылығын ешқашан жоймайды.

  Сәуле Сұлтанова,  М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:
 – Қазақтың ұлы, дана, ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойында оның есімі біздің колледжге беріліп, жүрегімізді қуаныш кернеген. Сол уақыттан бері Мағжан аты бізді жақсылыққа бастап келеді. Біздің оқытушыларымыз бен оқушыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды бермей келе жатыр. Мағжан өзі айтқандай “мен жастарға сенемін” деп, жастар сол Мағжанға, оның атындағы киелі шаңыраққа кір келтірмей тырысып, еңбектерін сіңіріп жатыр.

Маңызды шара аяқталысымен қонақтар колледжді аралап,  білім ордасының тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады.

Гүлден Сәрсенбаева