Көлік және жолдар

Көлік және коммуникация министрінің Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары

 
 

 

 

 

 

Қазіргі таңда Петропавлдағы стратегиялық нысанның бірі – халықаралық әуежайдың жағдайы мүшкіл. Осы күні жергілікті әуежайға ұшақтар қонуын тоқтатқан. Соған қарамастан, көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов облысқа ұшақпен  келіп, сәтті қонды. Жұмыссыз тұрған нысанның материалдық-техникалық базасымен танысқан соң министр облыс орталығындағы ЗИКСТО зауытының машина жасау цехтарын аралады. Ал жергілікті кәсіпорынның министрлікке бірқатар ұсынысы бар. Келесі жылы зауыт темір жол көлігінің үш түрін өндірмекші. Сондықтан 2011 жылы петропавлдық кәсіпорыннан 800 дана темір жол көлігі шығады. Ал жаңа вагондарға «Қазақстан темір жолы» және өзге де тасымалдаушы компаниялар зәру.

Әбілғазы Құсайынов,  ҚР Көлік және коммуникация министрі:
-Зауыт күшті. Біз ойлаймыз, алдағы 3-4 жылда «Қазақстан темір жолы» да, жеке меншік компаниялар да алады.
Бұл жақсылық.

 «Қазақстан темір жолының» машина-вагон паркі 70 пайызға тозған. Сондықтан облыста шығарылатын вагондарға алдағы бірнеше жылдың көлемінде тапсырыстар үздіксіз жасалмақ. ЗИКСТО зауытының мүмкіндіктерін  жоғары бағалаған  министр Құсайынов Елбасының отандық өнім өндірісін арттыру мен инновациялық технологияларды дамыту туралы тапсырмасы орындалып жатқанын атап өтті.  Бүгінде Петропавл қаласы Республиканы көршілес Ресеймен темір жол арқылы ғана емес, тас жолмен де байланыстырады. Сондықтан  көлік-коммуникация кешені үшін СҚО  – маңызды өңір. Облыстық әкімдікте өткен жиында коммуникация желілерін одан әрі дамыту мәселесі кеңінен сөз болды. Осы орайда  ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Көкшетау мен Петропавл қалаларының арасында 4 жолақты автобан құрылысы басталғанын атап өтті.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Көлік және коммуникация министрі:
– Петропавлға дейін Елбасының тапсырмасына сәйкес 2012 жылға дейін жолды бітіру керек.
Қазіргі уақытта Астанадан Көкшетауға дейінгі жол бар. Ендігі қалған жол бер жаққа қарай, 30 шақырымы салынып жатыр. Алдағы екі жылда бұл жолды бітіреміз.
 
Осылайша, екі жылдан соң өңір тұрғындары Елордаға, Астанадан министрлер Солтүстік Қазақстан облысына бірінші сыныпты жолмен қатынамақ. Ал Петропавл қаласының халықаралық әуежайы туралы мәселе бір ай көлемінде шешілуі мүмкін. Бүгінде жеке меншіктегі стратегиялық маңызы бар нысанның жалпы қарызы 384 млн теңге. Стратегиялық нысанды жеке меншігіне алған қожайын бір жағынан қызметкерлердің жалақысын төлемесе, екінші жағынан әуе компанияларына берешегі де белшеден. Қаржылық және қауіпсіздік мәселелері түпкілікті шешілетін болса, әуежай көп ұзамай іске қосылады деп атап өтті министр.

 Әбілғазы Құсайынов,  ҚР Көлік және коммуникация министрі:
– Аэропортты коммуналдық меншікке беру керек. Екіншіден, барлық қауіпсіздік мәселелелерін тәзірек шешіп, ұшақтарды қайта ұшыру.
 

Гүлмира Шоқтыбаева