Құқық қорғау органдары

Ұрлыққа бірлесіп тосқауыл қою керек

 

 

 

Соңғы уақытта облысымызда банкоматтардан ақша ұрлау мен қаржы институттарының тұтынушыларына қатысты жасалатын қылмыстардың саны артып отыр. Осыған орай өңіріміздің қаржыгерлері мен қоғамдық тәртіп сақшылары ортақ мәселенің күрмеуін бірлесіп шешу үшін жиналып отыр.

  Данияр Қасымов, СҚО ІІД КПБ бөлім бастығы:
 –  Үстіміздегі жылдың 14 желтоқсанында Петропавл қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер 1 млн 495 000 АҚШ долларын теңгеге айырбастамақшы болып, өзіне қолайлы курс бағамын іздеп, бірнеше банкті аралап шыққан.
Банктердің бірінің жанында автокөлігін қойып, валюта бағамын білу үшін кіріп шығады. Көлігіне оралғанда есігінің ашық жатқанын байқайды. Ішіндегі ақшаны белгісіз біреу қолды етіпті.

Қараусыз жатқан бөтеннің мүлкін қас қағым сәтте жымқыратын баукеспелерді ізін суытпай қолға түсіруде  полицейлердің кешенді шаралары жеткіліксіз. Сондықтан банктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзетшілер де ортақ мәселеден шет тұрмаулары тиіс. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, қос жақтан шұғыл әрекет етудің арқасында ғана ұрының қолына ақша емес, кісен салынатын болады дейді полицейлер.

 Әмір Қасейінов,  СҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы:
 –  Жиі ақпаратпен ауысып, бұл бағыттағы жұмысты белсенді ету керек. Банк қызметкерлері арасында да алдын алу жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Өйткені бұндай қылмыстарға қаржыгерлер де қатысты болып жататыны шындық.

Қазір облыс орталығында 69 күзет құрылымы бар. Оның 5-і оқиға орнына дереу жететін «Дабыл» жүйесі бойынша қызмет атқарады. Күзет қызметінің жетекшілері де кездесуге шақырылып, тәртіп сақшыларымен бірлесе қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қоюда қарым-қатынасты нығайта түсу жөнінде келісім жасалды.

Жеңіс Ермұқанов