Денсаулық сақтау

Аязда үсіп қалғандар көбейді



 

 Қатты аяздардың басталғанына бір апта болған жоқ, ал жарақат бөлімшесінің екі бірдей палатасы үсік шалғандарға толы. Дүйсенбай Шәкенов үшін желтоқсанның он екісі күнгі түн бейнетті болған екен.

  Дүйсенбай Шәкенов:
 – Досымның үйінде отырып, үйге келе жатқанда жолда тайып құладым.
Содан жатып қалдым. Жолда өтіп бара жатқан әйел көріп,  скорый шақыртты. Дәрігерлерге рақмет.

10 күннен артық емделген Дүйсенбай Шәкенов әйтеуір қасындағы серіктеріндей жағдайға душар болмағанына шүкіршілік айтады. Ал Сергей деген  жігіт жұмыстан кейін электр поезға  үлгермеген соң үйіне жаяу серуендеп барғысы келген екен. Алайда 6 сағат жүріп үйіне жеткен оның бірден ауруханаға баруына тура келді.

  Сергей Пропащев:
 -Тоңғаным сонша,  аяғымды сезбедім.
Үйге жеткен соң қарасам, ісіп кетіпті. Содан көлік тауып,  мені бірден осында әкелді.
Сергейдің палаталас көршісінің жағдайы тіпті мәз емес. Петр Баяндин мұнда 2-ші рет түсіпті. Алғашқысында ол аяқтарының басынан айырылса, бұл жолы екі бірдей аяғын толық кесіп тастауға тура келіпті. Оның тұрақты мекен-жайы жоқ. Мұндағы 11 адамның 8-і  дәл осындай жағдайда. Құбырлар мен жертөлелерден пана іздейтін мұндай жандар үшін аурухана төсегіне түсу – бақыт. Мұны олар жасырмайды.

 Михаил Харламенко,  №3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:
 – Аурулардың көбі үй-күйі жоқ адамдар.
Оларды емдеу бәрінен де қиын. Себебі үсіктен басқа да аурулары жетіп артылады. Емделіп шыққан соң да ішкілікке салынып, өздерін қор қылады.

Мұндағы ақ халаттылардың жұрттың бәріне айтар бір ғана тілегі бар – үсіп қалмаңыздар.

Кәусар Аяпбергенқызы