Құқық қорғау органдары

60 мыңдай адам жол қозғалысы ережесін бұзған

  



 

 

59 707 адамнан жалпы құны 376 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілуі тиіс. Ал әзірге ол соманың 262 млн 930 мыңы ғана төленіпті. Соған қарағанда азаматтар түрлі себептермен борыштарын өтеуге асықпайтын көрінеді. Тәртіп сақшылары бұл мәселені жедел шешудің амалдарын қолға алды.

 Болат Жексембинов,  СҚО ІІД ЖПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы, полиция майоры:
 – Біз сот орындаушыларымен бірлесіп  заңбұзушылықтарды анықтаймыз. Егер белгіленген мерзім ішінде олар айыппұлдарын өтемесе, 524-бапқа сәйкес 3 күнге дейін бостандығынан айыруға құқығымыз бар. Айырықша жағдайларда көлікті айыптұрағына жібереміз.

Жол тәртібін бұзушылардың қатарына белгіленбеген жерде жолды кесіп өткендерден бастап, тиісті құжаттарсыз көлік рөліне отырған азаматтар жатады. Соңғыларына 5 -тен 30 айлық есептік көрсеткіштеріне дейін айыппұл салынады. Айтқандай, жыл соңына дейін барлық темір тұлпарлар техникалық тексерістен өтулері тиіс.

 Данияр Жансейітов,  Петропавл қалалық жол полициясы бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы:
 –  Уақытында техникалық байқаудан өтпегендер 461- бапқа сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Көлік иесі өзгерген жағдайда оны қажетті құжаттарымен әкеліп тексерістен өткізуі тиіс.

Айыппұл мөлшерінің өсуіне тұрғындар бірауыздан қарсы болғанмен, байыпқа салып, оның шын мәніндегі түпкі мақсаты мен пайдасын көретіндер де жоқ емес.

  Владимир Кухарев, жүргізуші:
 -Айыппұл мөлшерінің өсуі, меніңше, жол-көлік оқиғаларының азаюына септігін тигізді. Өйткені  үлкен сомаларды төлеу әркімнің қолынан келмейді.
Сондықтан ережелерді сақтауға тырысады. Соның ішінде мен өзім бармын.

 Кәусар Аяпбергенқызы