Мәдениет

Тәуелсіздік күніне арналған айтыс

 

 

 

 

 

 

Қазақ фольклорының ерекше бір саласы – айтысқа 12  ақын қатысып, алты жұпты құрады. Тәуелсіздік күніне орайластырылған  доданы  петропавлдық Жарқын Жұпархан мен қарағандылық Ботагөз Мұхиденқызы ашты.  Бір –біріне дес бермеген жас ақындардың сөз саптауы айтысты аңсап қалған қауымның көңілінен шығып отырды. Жазушылар, ақындар мен айтыскерлерден құралған қазылар алқасы әр жұпқа 20 минуттан уақыт берді.  

  Фарида Тұяқова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
-Негізі айтыскерлер бір-бірін таниды.
Барлығы жастар. Бірақ республикалық ақындар айтыстарында сынға түсіп жүрген дарынды айтыскерлер. Олар Есіл, Қызылжар, Шал ақын аудандарынан келген.

Ақындар айтысына келген үміткерлер арасындағы  ерекше жұптардың бірі – Әлібек Серғалив пен Азамат Мәлженбай. Бұл жастар талай  айтысқа қатысып, сөз жарыстырып жүр.

  Әлібек Серғалиев,  айтыскер, Шал ақын ауданы:
 –Қарсыласым осал емес. Талай темір тұлпарды   мінген қостанайлық ақын. Онымен біз әлі күнге дейін болыспай келе жатырмыз.

  Азамат Мәлженбай,  айтыскер, Қостанай қаласы:
 – Осы жерге өзіміздің өнерімізді көрсетуге, халыққа рухани нәр себуге келіп тұрмыз. Қызылжарда Шал ақын жолын қуған, атақты бабалар жолын жалғастырып келе жатқан жеткіншектер өте көп.
Мысалы мен Әлібек Серғалиевты айтар едім. Бүгін бізді әділқазылар тағы да кездестіріп отыр. Халыққа тартымды айтыс көрсетеміз деген ойдамын.

Тағы бір атап өтетіні, шалақындық жерлесіміз Әлібек Серғалиев осы аймақтық додаға тура Елордадан келген. Астанада өткен республикалық айтыста жас ақын темір тұлпар мініп, 500 мың теңге көлемінде сыйақы ұтып алған. Әділқазылардың шешімі бойынша І орынды  Жарқын Жұпархан еншіледі. Екінші орынға Ботагөз Мұхиденқызы лайық деп табылды. Ал көкшетаулық Азамат Қошанов үшінші орынды иемденді. Сонымен қатар ақындар екі аталым бойынша бағаланып, Мәдина Темірғалиева  – “Ең жас ақын”, Құрмет Құралхан  – “Көрермендер көзайымы” номинацияларында үздік деп танылды.

Гүлден Сәрсенбаева