Құқық қорғау органдары

Шырша ұрлау басталды

 

 

 

 

 

Өңіріміздің 684 мыңнан астам гектарын орманды алқаптар алып жатыр. Оның біршамасында жаңа жылдың нышаны – қылқан жапырақтылар тамыр жайған. Әсіресе мереке қарсаңында жайқала өскен әсем шыршалардың ара тісіне ілігіп, кесілу қаупі артта түсетіні анық. Өткен жылы заңсыз шырша шабудың үш фактісі қоршаған ортаға 192 мыңның залалын келтіріпті. Сондықтан жыл сайын желтоқсанның 1-інен орманшылар қарамағындағы жасыл желекті күшейтілген тәртіпте күзетуге кіріседі. Қазір облыс тоғайларында осындай 58 күзет бекеті құрылды. Орман шаруашылығында төтенше жағдай бола қалса, шұғыл көмекке келуге қосымша 117 мобилдік топ дайын.

 Ержан Тәшімов, Куйбышев орман шаруашылығының егері:
 – Жаңа жылдың алдында желтоқсан айында біз шыршаларды күзетуге шығамыз.
Кезекшілікке шыққанда территориямызды бақылаймыз. Бізде заңсыз шырша кесу тіркелген жоқ. Ондайды болдырмаймыз. Жағдай тіркелетін болса,  рациямен мобилдік топты шақыртамыз.

Преснов және Соколов орман шаруашылықтарын қорғаушылар бұлай  мақтана алмайды. Кешенді шаралар браконьерлерді тоқтатар емес. Заңды елемеген 2 азамат 6 бірдей шыршаның тамырына балта шауып үлгерген.

  Иван Кох,  СҚО орман және аң шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
 – Заңсыз кесілген әр шыршаның залалы толығымен өтеледі. Ол 23 мың теңге шамасында. Оған қоса 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Қазір тіркелген фактілерге қатысты материалдар жиналып соттың қарауына жіберілді.

Жалпы облысымызда шырша саудалауға тыйым салынған. Тек көршілес елдерден әкелінген  шыршаны  өткізуге болады. Олардың әрбірінің діңінде арнайы мөр болуы тиіс. Қоян жылын табиғи  шыршамен қарсы аламын деушілерге жасыл желекті қайта отырғызуға мүмкіндік беретін контейнерде сақтауға рұқсат етілген. Дәстүрден жаңылмаймын дегендерге сондай-ақ жаңа жылдың нышанын бұталардан құрастыруға әбден болады. Ал көпшілік қатысатын мерекелік шараларға қалалық әкімдіктің тапсырысымен 1 263 шырша қарастырылып қойылған.

Жеңіс Ермұқанов