Спорт

Шағын футбол турнирі

 

 

 

 

 

Облыс әкімінің жүлдесіне өткізілген дүбірлі додаға қатысуға 12 команда бел буған болатын. Десек те  қорытынды ойынға көп гол соққан 4 құрама ғана шықты. Финалда Қарағандының ең мықты командасы   “Тұлпар” мен петропавлдық “Динамо” ІІІ орын жүлдесі үшін күресті. 40 минуттық тартыста жанкүйерлеріне үздік матч көрсеткен спортшылар кездесуді 13:2 есебімен аяқтады. Ойын “Динамоның” пайдасына шешілді. Жергілікті құрамадан ойсырай жеңілген қонақтар мұндай тартыстар жиі болып тұрса дейді.

  Максим Патин,  “Тұлпар” командасының ойыншысы, Қарағанды қаласы:
 – Ең алдымен осы жарысты ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Қарсыластар мықты болды. Финалға шыққанымызбен, ІІІ орын үшін күресте күшіміз таусылып қалды. Меніңше мұндай турнирлер өте қажет. Сайыстардың шағын футболды дамытуда үлесі мол.

Бас жүлде үшін күресте “Барса” мен “Қызылжар” кездесті. Төрешілерге мықты құрамалардың арасындағы ойынның нәтижесін болжап айту қиынға соқты.   

  Спартак Басагаринов,  жарысты ұйымдастырушы:
– Қазір сіздердің көз алдарыңызда турнир аяқталады.
“Барса” мен “Қызылжар”  – Петропавлдың тәрбиеленушілері. Ойыншыларға қателесуге болмайды. Бұл жерде әр голдың маңызы бар. Жарыс нәтижесін тек уақыт көрсетеді.

Өңіріміздің бетке ұстар командалары жайында айтатын болсақ, “Барса” өткен жылғы турнирдің чемпионы. Олар бас жүлдені осы жолы да оңайлықпен бермейтіндерін ойынның алғашқы минутынан-ақ дәлелдеді. “Қызылжардың” шабуылдаушылары  қарсыластарының голына голмен жауап беріп отырды. Допты кезектесіп соққан командалар бір-біріне ырық бермеді. Есеп 2:2,  таразы басы теңесті. Дегенмен, ойынның екінші айналымы “Барсаға” табыстырақ болды. Қақпаға үш доп соққан құрама қарсыластарын 5:2 есебімен жеңіп, жарыстың екінші  мәрте чемпионы атанды.

  Андрей Левандовский, “Барса” командасының ойыншысы, Петропавл қаласы:
 – Қарсыластарымыз бізді біраз терлетті.
Айтқым келетіні, өткен жылғы турнирмен салыстырғанда осы жолғы жарыс деңгейі әлдеқайда жоғары болды. Сайыскерлер турнирге жақсылап дайындалыпты.

Осылайша “Барса”  өз қоржынын облыс әкімінің 2-ші кубогымен толықтырды.

Гүлден Сәрсенбаева