Денсаулық сақтау

Оташылар үшін шеберлік сабағы

 

 

 

 

 
ҚР Орталық клиникалық ауруханасының бас хирургі Серік Тоқпанов тікелей эфирде солтүстікқазақстандық әріптестеріне лапороскопиялық ота жасаудың жаңа әдістерін үйретуде. Ескі әдіс бойынша тастар жиналған өт қапшығын, соқырішекті алып тастауға, көк бауыр мен бүйрекке операция жасау үшін 1 сағаттан артық уақыт жұмсалады. Сондағысы негізгі аурудан арылу жұмысына шебер хирургке 20 минут қана қажет. Қалған қыруар уақыт ішті кесіп, жараны қайта таңып тігуге жұмсалады екен. Ал ішкі органға жету үшін жарты метрге дейін тілік жасалады дейді мамандар.

  Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Қазіргі технология арқылы ішті кеспей ең кең дегені 10 мм. ішке видеокамера енгізіп,  5 мм саймандармен жасаймыз. Асқынбай келіп тұрған науқастарға 15-20 минуттың ішінде жасап шығуға болады.

Шағын бейнекамера 16 есеге дейін ұлғайтып көрсетеді. Оның көмегімен науқастың ішкі құрылысының кез- келген қырын анық бақылауға мүмкіндік бар. Жаңа құрылғының артықшылғы тек уақытты үнемдеуде ғана емес. Адамның сауығуы да жылдам жүреді.

  Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
 
Операциядан оянған кісі тұрып жүре береді. бірден су, тамақ іше бастайды. Бұрынғы тәсілмен жасағанда ауруханада 15-20 күн жататын. Ал қазір 2-3-ақ күн.

Сондай-ақ хирургтің пышағына іліккендердің жарасы сөгіліп, жарылып кетпес үшін 8 айға дейін ауыр көтеріп, жұмыс жасауға тыйым салынатын. Енді заманауи құрылғылардың арқасында науқас екі аптадан соң толығымен айығып, еш қауіпсіз кез-келген үйреншікті ісіне кірісе алады. Хирургиялық пышақты аз талап ететін осы тектес холецистэктологиялық операцияларды облыстық аурухана алғашқылардың бірі болып осыдан 10 жыл бұрын жасай бастады. Мұнда жыл сайын жүздеген адамға ота жасалады. Дегенмен заман ағымына қарай жаңаның да ескіге айналуы заңдылық. Астаналық мейман өзімен соңғы ұтымды зерттеулерін ала келген.

  Ержан Ақбердиев, облыстық аурухананың хирург-дәрігері:
Мұндай мастеркласс көрсетілімдердің тәжірибемізді кеңейтуге маңызы зор. Біріншіден, науқастарымызға өте тиімді, жеңіл. Осы аппараттарды қолдана отыра көптеген операциялар жасаймыз. Алда әлі де кеңейтеміз деген ойларымыз бар.

Медицина майталманы Серік Тоқпанов негізгі ісімен   шығармашылықты да ұштастырып жүр. Түрлі байқауларға қатысып, күміс көмей әнші де атанған. Ол өңір халқына осы қасиетімен де танылмақ.

  Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Ендігі бір келген мақсатымыз белгілі совет   пианисі Арно Бабаджанянның 90 жылдығына арналған өзіміздің концертіміз бар. Погодин театрының сахнасында ертең кешкі 19-00-де концертімізді береміз.
 

Жеңіс Ермұқанов