Әр түрлі

Аяз қысып тұр

 

Жамбыл көшесінің тұрғындары таңертең жұмысқа шығып, үйреншікті аялдамасына барғанымен күнделікті қатынап тұратын троллейбустарын көрмеген.  Аязды күні далада тіпті  бірер минут тұру мүмкін емес. Ал көлік құралдары Петропавл  троллейбус паркінен шыға берісімен «Қарасай» стадионына жақын жерде істен шыққан. Осылайша  электр қуатын  пайдаланатын ең арзан көлік нысандары бір жерге иін тіресіп қалды.

  Лариса Казакова,  “ПТП” ЖШС жүргізушісі:
 – Аяздың салдарынан  сымдар құлап қалды.
Сондықтан барлығымыз бір жерде тоқтап тұрмыз. Мұндай оқиға осы жылы алғаш ретболып отыр.  

Жолдағы мұндай келеңсіздікке электр қуаты өтетін желінің жарылуы себеп болған.  Апаттық қызмет бригадасының оқиға болған жерге келіп, үзілген сымдарды жалғап жатқанына екі сағат өтті. Жұмыстың  баяу жүру себебін айтпаса да түсінікті. Шұғыл іске бар -жоғы екі маман ғана тартылған. Олар жөндеуді кешке дейін аяқтауға тырысамыз дейді. Енді электршілер қыстың қытымыр мінезінен басқа желілер жарылып кете ме деп қобалжуда. «Қазгидромет» мамандары   алдағы күндері ауа райының қуантпайтынын айтады.

  Гүлзат Ғазизова,  Солтүстік Қазақстан гидрометеорология орталығы метеоболжам бөлімінің бастығы:
 – Облыс бойынша ауа температурасының 32-37-ге дейін төмендеуі антициклонмен түсіндіріледі. Бүгін түнде өңіріміз 34-39-ға дейін суытады.

Ауа температурасының күрт төмендеуінен қаламызда бұдан басқа тағы бір төтенше оқиға тіркелді. Жамбыл көшесін бойлай орналасқан 6 үй көгілдір отынсыз қалды.

  Анна Игнатьева, Жамбыл Жабаев көшесі, 290- үй тұрғыны:
 – Менің бір жасар балам бар.
Газсыз отырған қиын. Ыстық тамақ ішу керек қой.

Синоптиктердің хабарлауынша, желтоқсанның  22-сі термометр көрсеткіші тағы да төмендейді. Ал антициклон шығысқа бет алысымен, аяздың беті  қайтатын көрінеді.

Гүлден Сәрсенбаева