Билік

Қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер өседі

 

 

 

 

 

Майра Мұқашеваның құрметті еңбек демалысына шыққанына бір жыл болды. Ол осы уақыт бойы 24 мың теңгеден алып келді. Жаңа жылдан бастап зейнетақы көтеріледі дегенді естіп, жағдайды білуге таңертең  орталыққа келіпті.

 Майра Мұқашева , зейнеткер:

Мен 24 мың алатынмын. Енді қуанып тұрмын. 30 пайызға өседі дейді. Ол жақсы ғой.

Бүгінгі таңда облыста жасы келіп, құрметті еңбек демалысына шыққан 90 мың қария бар. Мемлекеттің әлеуметтік көмегіне жүгінетін өзге де топтарды қосып есептегенде зейнетақы мен жәрдемақыны алатандардың қатары 288 мың адамды құрайды. Жаңа жылдан бастап зейнетақы 30 пайызға өсіп, оның ең төменгі мөлшері 24 мың теңге, орташа мөлшері 38 мың теңге болады, ал ең жоғарғы мөлшері 50 мың теңгеден асады.

 Балжан Смағұлова,  Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы СҚОФ бас маманы:
 – Мысалы,  зейнеткер Асановтың 2010 жылғы желтоқсан айындағы зейнетақысы 12 344 теңге болса, 2011 жылы 16 048 теңгені құрайды. Оған 8 мың теңге арнаулы төлемақы қосылады. Сөйтіп, төлемақы 24 мың 48 теңгені құрамақ.

Айлық есептік көрсеткіш те 1 512 теңге болып бекітілді. Асыраушысынан айырылған және барлық топтағы мүгедектердің жәрдемақысы жаңа жылдан бастап, күнкөріс мөлшерінің және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты қаралды. ҰОС мүгедектері мен оған қатысушылардың да жәрдемақысы көбейетін болды. Жағымды жаңалық көпбалалы аналарға да қатысты

Балжан Смағұлова,  Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы СҚОФ бас маманы:
– 
Алтын,  күміс алқа, “Батыр ана”, “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған аналардың жәрдемақысы 8 478 теңгеден 9 240 теңгеге дейін көбейді.

Нәрестелі болған аналарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшері де ұлғайды. Петропавл тұрғыны Жазира Тойбазарова үшін өтіп бара жатқан жыл сәтті болып, сәби сүйді. Жазира тұңғышын  Әлихан деп атапты. Жас ана жәрдемақы алуға құжаттарын ресімдеуге келген. Жағымды жаңалықты естіп қуанып кетті.


 Жазира Тойбазарова:
 – Мемлекет жас аналарға үлкен көңіл бөледі.
Барлығы жақсы. Жәрдемақы өседі дегенде қуанып қалдым. Мен үшін ол үлкен көмек.

Зейнетақы мен жәрдемақыны өсіру үшін СҚО бойынша мемлекет 800 млн теңге жұмсайды.

 Дана Ғизатова