МТРА жаңалықтары

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні. Арнайы хабар

 

 

  Тәуелсіздік – бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі. Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері мен барша Қазақстан жұртшылығының арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік күні қазақ елі үшін ерекше қымбат. Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты құндылығы. 1991 жылдың он алтыншы желтоқсанында Қазақстанның жаңа тарихының беті ашылды.  Биыл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып, әлем елдерімен терезесі тең, өз алдына жеке шаңырақ көтергеніне 19 жыл.    Елімізді бүкіл дүние жүзі таныды, әлемдік қауымдастық мойындады. Қазақстан деген ел, қазақ деген халық бар екенін білді. Петропавлдың орталық алаңына жиналған жұртшылықты қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтады.  Он тоғыз жылда ғасырларға татитын көптеген игі істер атқарылды дейді мерекеге жиналған қала тұрғындары мен қонақтар. Бүгінгі таңда Қазақстан – әлемдегі өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Осы күні орталық алаңға жиналған қауым ашық аспан астында татулық пен бірлікте өмір сүріп жатқандарына шүкіршілік етті. Тәуелсіз тудың астында тәуелсіз күн кешуден артық бақыт бар ма? Бұл барша жұрттың үлкен қуанышы. Жұртшылықтың қуанышына Шотландиядан келген Рагав Мурали ортақтасты. Шетелдік мейман бүгінгі Қазақстанның толағай табыстары жөнінде құлағдар екенін айтады.

Рагав Мурали:
Мен сіздердің елдеріңізге Тәуелсіздік күнінде келгеніме өте қуаныштымын. Мен Қазақстан жөнінде көп естідім. Әлем елдері сіздерді біледі. Алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Барлық қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтаймын.

Егемендiкке жету жолы қаншалықты қиын болса, сол тәуелсiздiктi сақтап қалу, нығайту ісінің де жүгі ауыр. Енді он тоғыз жыл ішінде өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр алдымызда.

 

 

Тәуелсіздік мерекесіне орай облыста  бірқатар нысандар қолдануға берілді. Айыртау ауданында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін кең мүмкіндік ашқан тағы бір шағын элеватор іске қосылды.

 

Кәсіпорынның  негізі 2008 жылы қаланған екен. Бастапқыда элеватор иесі  – «Айыртау-Астық» ЖШС бұл объектіні астық жөнелту пункті ретінде қолданбақ болыпты.  

Алмас Бүбінеев, «Айыртау-Астық» ЖШС бас директоры:
 –  2009 жылы құрылысты жалғастырып, кәсіпорынды кеңейту туралы шешім қабылдадық. Бүгінде  астық қабылдау кәсіпорнының сиымдылығы 15 тоннадай. Оны қалпына келтіру үшін шамамен 855 млн теңгедей қаржы жұмсадық.

Элеваторды тұрғызу жұмыстары жедел қарқынмен жүргізілген көрінеді. Қазірдің өзінде 8 үлкен сыйымдылық орнатылған. Қосымша 40 жұмыс орны пайда болды. Мұндай нысандардың көбеюі өңірімізді астық сақтайтын  қосымша резервпен қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптің дамуына жол ашары сөзсіз.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – Жыл сайын түрлі кедергілерге қарамастан, біз 5-6 млн тонна астық өндіреміз. Ал облыстағы барлық элеваторлардың  сыйымдылығы бүгінде 3 млн. Сондықтан олардың санын көбейтудің маңызы орасан. Биылдың өзінде элеваторлық сыйымдылықты 200 мың тоннаға арттырдық.

Енді міне, салтанатты сәт – облысымызда тағы бір элеватор іске қосылды.  Бұл элеватор европалық және әлемдік озық стандарттарға сай. Серік Біләлов өндірістің жұмысымен танысып шықты. Мұнда Германияда жасалған құрылғы орнатылыпты. Ал «Айыртау-Астык»   мұнымен тоқтайтын емес. Келесі жылы тағы қосымша сыйымдылықтар салу жоспарда бар екен. Оның нәтижесінде кәсіпорынның  сыйымдылығы 30 мың тоннаға жетеді. Мереке қарсаңында айыртаулықтарды тағы бір қуаныш күтіп тұр екен. Саумалкөлде  19 жыл қаңырап тұрған көпқабатты 78 пәтерлі тұрғын үй қалпына келтіріліп,  осы күні қолдануға берілді. Жөндеу жұмыстарымен «Омис-строй» ЖШС айналысты. Осы ғимаратты қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 244 млн теңге бөлініпті. Өңірде әлі бос тұрған 17 көпқабатты үй бар екен. Облыс әкімі биыл тағы 100 мың текше метрді құрайтын тұрғын үй халық игілігіне берілетінін айтып өтті. Жаңа пәтерлердің  кілттерін Серік Біләлов ҰОС ардагерлері, денсаулық сақтау және білім саласының қызметкерлеріне табыс етті.

Ескендір Кәрімов, ҰОС ардагері:
 – Мың да бір рақмет айтамыз. Патшамыз аман болсын, соның арқасында 65 жыл күтіп, пәтер алдық. Ендігі жылы да мол егін алайық.

Жаңа үйдегі пәтерлер 1-2 және 3 бөлмелі. Олардың бәрі кең әрі, жарық. Жұмыстың тыңғылықты жасалғаны көрініп тұр. Ал сапар соңында облыс әкімі Саумалкөл орта мектебінде  болды,  Серік Біләлов білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысып, мектепке теледидар тарту етті. Мұнда қазір 533 оқушы білім алуда. Айыртау ауданының аумағында республикалық маңыздағы 100 шақырымдық тас жол бар. Ол қазір  «ДЭУ-66» кәсіпорнының қарамағында. Кәсіпорын техникалары кез- келген уақытта шығып, жолды қардан тазартуға дайын.

Мереке күні  Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Қазақстанның үздік файтерлерін жиған 11-ші халықаралық “Қызылжар”турнирі мәресіне жетті.

 

Шаршы алаңға шыққан 60-қа тарта кикбоксшы еліміздің Тәуелсіздігі күні жеңіс тұғырынан көріну үшін аянбай қолғап түйістірді. Екі күнге созылған іріктеу сындарының қорытындысында 11 жұп ақтық сынға жолдама алды.

  Нұрлан Әбдірахманов,  жарыстың бас хатшысы :
 – Қорытынды кезеңдегі 11 салмақ дәрежесінің 8-де солтүстікқазақстандық сайыскерлер шығып отыр.
Бұл өңір құрамасы үшін үлкен жетістік. Биылғы дәстүрлі турнирдің жекпежектері жартылай кәсіби түрде өтуде. Сайыскерлер арнайы қорғаныш бас киімінсіз қолғап түйістіріп жатыр.

54 келі салмақ дәрежесіне дейінгі шешуші жекпе-жекке жерлесіміз Әлкен Төлегенов пен астаналық Жасұлан Сәуірбаев шықты. Екеуіде ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы атанған спорт шеберлері. Бас жүлдені иемдену үшін соңғы сатыға жеткен қос қарсылас та 6 сайыскерді жарыстан ысырды. Дегенмен ПЖӘИ курсанты Әлкен Төлегенов елордалық мейманды бұрыштан бұрышқа қуып жүріп соғып, берілген уақыт соңына дейін шыдатпады. Сөйтіп, өңір құрамасының қоржынына бірінші болып алтын алқа түсірді. Сондай-ақ болашақ офицер ең үздік техникасы үшін де марапатталды.

  Әлкен Төлегенов, жарыс жеңімпазы:
 –  Еліміз үшін атаулы күні беделді турнирді жеңдім.
Мен үшін бүгін қос мереке болды. Алдағы уақытта да елімнің туын биікке көтеріп, жеңістермен қуантамын. Сол үшін тынымсыз жаттығамын.

63 келі салмақта солтүстікқазақстандық Нұрболат Сапарбаев құрамаға екінші алтын алқаны алып берді.   Келесі салмақ дәрежесінде де жерлестеріміз ерледі. Бұл жолы Рауан Смағұлов үш раунд бойы үстемдік құрып, алтын алқаны кеудесіне тақты. Шаршы алаңға облыс намысын арқалап шыққан Азамат Нүрпейісов те бас жүлдеге қол жеткізді. Сонша күміс алқа да өңірімізде қалды. Жалпыкомандалық есепте астаналықтар жеңіс тұғырының  – үшінші, ал ОҚО спортшылары екінші сатысына көтерілді. Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық турнирдің бас жүлдесін СҚО құрамасы жеңіп алды.

Тілшілер:  Айымгүл Әбілева,  Жеңіс Ермұқанов,  Кәусар Аяпбергенқызы