Билік

Тәртіп сақшылары марапатталды

 

  

 

 

 

 

 

Облыс полицейлері ұлық мерекені жыл сайын осылайша салтанатты түрде атап өтуді игі дәстүрге айналдырған. Әлбетте, Тәуелсіздік күні қазақ елі үшін ерекше қымбат. Еркіндіктің ақ таңын күткен халқымызға бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бұл барша қазақстандықтардың ортақ жетістігі.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  басшылығымен 19 жылдың ішінде барлық қиындықтардан өтіп, еліміздің қарқынды дамуын қамтамасыз ете алдық. Еуразия жүрегінде орналасқан қазақ елінің тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі. Сіздерді еліміздің мерейлі мерекесімен құттықтай отыра, әр шаңыраққа жақсылық, баянды бақыт тілеймін.

Тәуелсіз еліміз қазірде алған бағытынан таймай, дамып келеді. Өзгерістер барлық салада бар. Ішкі істер органдары да көштен қалыспауда. Бүгінде бұл саланы дамыту үшін ауқымды шаралар қолға алынды. Құқық қорғау органдарына реформа жүргізудегі басты мақсат – қоғамның бұл қызметке деген сенімін арттыру. Облыс әкімі алда тұрған міндеттерді орындауда өңір полицейлерінің жұмыла еңбек ететіндеріне сенім білдірді. Ал өз қызметтерін мінсіз атқарып жүргендер салтанатты шарада марапатқа ие болды. Өңір жетекшісі Астанада өткен Саммит күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысқан полицейлерге Елбасының Алғыс хаттарын табыс етті.

  Марат Иманбеков, СҚО ІІД “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлімшесінің аға инспекторы:
– Біздің бөлімшеден он адам Астанада болдық. “Думан” қонақ үйінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыстық. Міне осы еңбегіміз бағаланып, Президенттің алғысын алдық. Алдағы уақытта да өз міндетімізді адал атқаруға тырысамыз.

Бірқатар полицейлер облыс әкімінің құрмет грамотасына ие болды. Ішкі істер министрлігінің алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Марапатқа ие болғандардың әрбіреуі мінсіз қызметімен ерекшеленген. Бүтіндей бір отбасын отқа оранған үйден алып шыққан Әрсен Рүстемовтің ерлігін бүгін кеудесіне тағылған “Үздік қызметі үшін” медалі айғақтайды. 200 келі марихуананың жолын кескен Семен Пактың еңбегі де елеусіз қалмады. Өз кезегінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүргендер алдағы уақытта да тәуелсіздіктің тұғырын нығайту үшін өзгерлермен бірге жұмыла еңбек етеміз десті.

Айымгүл Әбілева