Бизнес және экономика

Кеден одағының техникалық регламент құжаттары талқыланды

 

 

 

 

 

Кеден одағына кіретін елдер арасында техникалық реттеудің бірыңғай принциптері мен ережелері туралы келісімге қол қойылған. Ендігі уақытта Қазақстан, Ресей, Белорусь елдері Кеден одағы немесе Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың техникалық регламентіне сай өнім айналымын қамтамасыз етуі керек. Дөңгелек үстел басына жиналған техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО департаментінің , кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауылшаруашылығы басқармаларының өкілдері мен ветеринар, фитосанитар, санитар мамандар техникалық реттеуді белгілеу кезінде есепке алатын тұстарды талқылады.

  Бейбіт Әбілев, техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО департаментінің бөлім бастығы:

-57 техникалық регламент даярлау керек. Қазірдің өзінде 13-і дайын деуге болады.

Келесі жылы 18 техникалық регламент бойынша жұмыс жүргізіледі деген жоспар бар. Бірінші қаңтардан бастап сертификатталуға тиіс өнімдер мөлшері 205- тен 51-ге дейін азайтылады. Ал өндіруші ресми мәлімдейтін тауар саны 105-тен 154- ке көбейтіліп отыр.

  Бейбіт Әбілев, техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО департаментінің бөлім бастығы:

-Бұрынғыдай қайтадан сертификаттау, зертханадан өткізу болмайды. Екіншіден, бірыңғай сертификаттар болады. Мысалы, өзімізде шығарылған тауарларды осы үш елге апарғанда оған ешқандай құжаттар керегі жоқ. Сертификат үш елде жүреді.

2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап импорттық карантин рұқсаттары да жойылады. Сондай-ақ, 443 тауарлық позицияны қамтитын фитосанитарлық сертификаттандыруды алып тастау жоспарланған.

  Василий Отрадных,  СҚО аумақтық инспекциясының карантин бойынша бас мемлекеттік инспекторы:

-Бұған дейін импорттық карантиндік құжат талап етіп келсек, жаңа жылдан бастап жоғары дәрежелі фитосанитарлық қаупі бар тауар бойынша да бұл құжат талап етілмейді.

Дөңгелек үстелге жиналғандар тауар эскпорттауды жоспарлап отырған кәсіпкерлерге барлық қызметтер талаптарын уақытылы орындап, құжаттарды дайындауды жеделдетуге шақырды. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі басты талап – жоғары сапа, ортақ құжат.

Әсем Сембина