Спорт

Футболшылар турнирі

 

 

 

 

 

 Өңірімізде футзалдағы аяқ доп ойынынан тартыстар ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналған. Кезекті ашық доданы салтанатты түрде ашқан облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен сайыскер командаларға жүйріктің жүйрігі озсын деген тілегін жолдады.

  Александр Чжен,  СҚО әкімінің орынбасары:
 –  Құрметті сайыскерлер!  Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің жүлдесі қойылған турнирге қош келдіңіздер. Елбасы спортқа үлкен көңіл бөледі. Өңірімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруда қыруар жұмыстар атқарылуда. Бұған бүгінгі шағын футбол додасы куә. Сіздерден жылдам әрі қызықты ойын күтеміз.

Алғашқы кездесу “Барс” пен “Локомотив” құрамалары арасында өтті. Жергілікті екі қарсылас команданың айырмашылығы жер мен көктей. Бұны ойынның алғашқы минуттарынан- ақ байқау қиын емес. Барыстықтар өткен жылғы дәл осы турнирдің чемпиондары. Шетелдік легионерлер шақыртылыпты. Кілең футболдан спорт шеберлері. Араларында еліміздің үлкен футболында жұлдыздай жарқырап жүрген Ақтөбе клубының шабуылшысы Евгений Аверченко да бар.

 Евгений Аверченко,  “Барс” құрамасының ойыншысы:
 – Футбол мен үшін, біріншіден, өмірлік сүйікті әуестігім. Оның қыр- сырын осы жерде үйренген болатынмын. Жергілікті “Қызылжарда ” да  біраз ойнап шеберлік жинадым. Сондықтан туған жерімде тағы бір доп қуалап, футболдың қызығын тату үшін жарысқа қатысуға қуана келістім.

«Локомотивтің»  жас аяқ доп сүйерлері азулы қарсыластарының алдында тұрып қалмады. 40 минутқа созылған екі тайм ішінде 4 гол жіберіп алса да, қарымта шабуылдап 2 доппен жауап қайтара білді.

  Евгений Некипелов,  “Локомотив” құрамасының ойыншысы:
 – Біз үшін бұл жеңіс деп санауға болады. Мықты қарсыласымыздан мол тәжірибе жинақтап, соғылған голдарға мойымай жауап беріп, талантты ізбасарларының өсіп келе жатқанын таныттық.

Тартысқа толы турнирге “Қызылжар” ФК бас бапкері Юрий Чухлеба да өз ойыншыларын бастап келді

  Юрий Чухлеба,  “Қызылжар” ФК бас бапкері:
– Біріншіден, қыс уақытында ойыншыларыма жақсы жаттығу болды. Шағын футболда ширақ қимылдар мен жылдам пас керек. Ал екіншіден, талантты жастардың ойыннын қызықтап, дарындыларын өзімізге тартып үлкен футболға дайындап шығару мақсатын көздеп келдім.

Жалпы екі күндік турнир өңіріміздің мықты деген 7 құрамасымен қатар еліміздің өзге қалаларының да үздік командаларын жиып отыр. Барлығы 12 құрама.

  Спартак Басагаринов, турнирді ұйымдастырушы:
– Көкшетау үш команда іріктеп әкелді. Оның бірі сол қаланың чемпионы. Астананың жеңімпаздары да шеберлік байқасады. Еліміздің шағын футболдан жоғарғы лиганың бас жүлдегері Қарағандының “Тұлпары” да  осы жерде. Сондықтан бәсекелестік
мықты болады. Сайыскерлерді үш топқа іріктедік.

16 желтоқсан  – Тәуелсіздік күні облыс әкімінің бас жүлдесін иемденетін команда анықталатын болады.

Жеңіс Ермұқанов