Спорт

Бапкер Қонысбек Төкеновтің мақсаты – Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу

 

 

 



 Қонысбек Төкенов  –  Көкшетау облысының тумасы, спортшы болуды бала кезінен мақсат тұтқан. Өз ойын сәтті жүзеге асырған Қонысбек енді үлкен спортта бағы жанады-ау деген басқа жасөспірімдерге жол ашуда. Тәжірибелі бапкердің діттегені – олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу.

  Қонысбек Төкенов, олимпиадалық резервтегі «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
 – Біз кішкентай балаларды аламыз. 9 жастан. Мақсатымыз олардың бойында патриоттық сезім тәрбиелеу. Олардың барлығы бірдей спортшы бола бермейді ғой. Ай сайын жарыстарға қатысамыз. Жақында Сверловскіге барып үздік үштікке ендік.

Қонысбек Төкенов грек-рим күресінен 20-ға жуық балаға тәлім береді. Спорт шеберінің көздегені тек қана белгілі палуандарды өсіру емес, бастысы еліне адал қызмет ете алатын, денсаулығы мықты азаматты тәрбиелеу. Айта кету керек, дәстүрлі спорт түріне ден қоюшылар қатары жыл санап артпаса кеміген емес.

  Алдияр Тукажанов, олимпиадалық резервтегі «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
 -Маған күрескен ұнайды. Жаттықтырушымыз да жақсы. Білмеген жерің болса, айтып көмектеседі.

Грек-рим күресімен шұғылданушылар арасында біраз тәжірибе жинақтап, үлкен жарыс алаңдарында көрініп үлгерген спортшылар да бар. Мәселен, таяуда Сингапурде өткен олимпиадалық ойында Қонысбек Төкенов 5 жыл бойы жаттықтырған Аққан Баймағамбетов ІІІ орын алып, қола алқаға ие болған.

  Аққан Баймағамбетов,  олимпиадалық резервтегі «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
 – Жалпы маған бұл спорт түрі ұнайды. Менің әкем спортшы,  сондықтан осы жолға түстім. Жарыста Иран, Куба елдерінің спортшыларымен кездестім. Үшінші орын алдым.

Грек-рим күресі біздің облысымызда жақсы жолға қойылған. Әсіресе  Ақжар ауданының палуандарын атап өтуге болады.

Гүлден Сәрсенбаева