Мәдениет

Қазақ жеріндегі поляктар туралы көрме

 

 

 

Бұл көрме «Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір» деген нақылдың тағы бір айғағы. Бауырлас поляк халқының қазақ жеріндегі тұрмыс-тіршілігі, салт-санасымен танысуға әр түрлі ұлттың өкілдері жиналыпты. Келгендер назарына ұсынылған материалдар Адам Мицкевич атындағы Этнология және мәдениеттану- антропология институтының мұрағаттарындағы тарихи-экспозициялық құжаттар және ҚР Орталық мемлекеттік мұражай қорының зерттеулері негізінде құрылыпты. Қазақ жерінде өмір сүрген белгілі поляктардың бірі  – Ян Виткевич. Ол 16 жасында-ақ  саясатқа белсене араласқаны үшін Орынборға жер аударылған екен.

 Еркен Шалкенов,  облыстық мұражай бірлестігі директорының орынбасары:
 –  Ол кісі қиын-қыстау кезеңдерде  де ориенталистикамен айналысып, шығыс тілдерін меңгере алды. Ян Виткевич сол кездің өзінде 19 тіл білген екен.

Көрмеде патшалық Ресей, кеңестік кезең және тәуелсіз Қазақстанның саяси, мәдени өмірі көрініс тапқан. Мұнда ілінген 112 фотосуреттен Адольф Янушкевич, Бронислав Залевский, Томаш Зан сияқты белгілі адамдарды көріп, олардың өмір жолымен танысуға болады. Ал Александр Затаевичті өзін қазақпын деп санайтын әр азамат білсе керек.

  Әлия Үсенова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсоводы:
 –  Затаевич 1920 жылы  Орынборға қоныс аударған болатын. Сол кезден қазақ халқының әндері мен күйлерін жинақтаған. Солардың бірі «Қазақ халқының 1000 әні мен күйі».

Поляктардың алғашқы суреттері тұңғыш рет осыдан үш жыл бұрын Елбасымыздың мұражайына қойылған екен. Ал біздің облысымызда бүгінде Қазақстанды туған елім деп білетін 15 343 поляк тұрып жатыр.

 Кәусар Аяпбергенқызы