Билік

Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын

 

 

 

 

 

Он тоғыз жыл – тарих үшін қас қағым сәт, әрине. Бірақ осы аз ғана уақыт ішінде біз егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын, мәдени, рухани келбетін бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтердік. Осыдан он тоғыз жыл бұрын желтоқсанның он алтысы тәуелсіздігін жариялаған еліміз ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге мүмкіндік алды. Осы жылдар ішінде барша қазақстандықтар өзге елдермен терезесі тең, алдына айқын мақсат-міндет қойған демокартиялық мемлекет құрды. 2010 жылдың қазақ елі үшін толағай табыстарға толы болғанын атап өту керек. Ағымдағы жыл еліміз үшін маңызды ішкі және сыртқы оқиғалармен ерекшеленді. Ата Заңымыздың қабылданғанына он бес жыл. Мемлекетіміздегі тұрақтылық пен келісімнің, бірлік пен ынтымақтың алтын арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясы да он бес жасқа келді. Ең айшықты оқиға, әрине, қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі. Бұл ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын саяси маңызды оқиға. Осылайша, біз тәуелсіздіктің он тоғыз жылдығына биік шыңдарды бағындырып жетіп отырмыз деп нық сеніммен айта аламыз.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Біз биыл ең ұлы мереке – тәуелсіздігіміздің он тоғыз жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  сындарлы саясатының нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеттік. ЕҚЫҰ-на төрағалық қазақ елінің абыройын асқақтатты. Саммиттің өткізілуі ұйымның дамуына жаңа серпін берді. Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.

Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап жас мемлекетіміздің қаз тұрып қалыптасуына, бүгінгі шыққан белесі мен толағай табыстарына солтүстікқазастандықтардың да қосқан үлесі зор. Ұлттық мерекеге орай ел Президентінің жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ солтүстікқазақстандық мемлекеттік марапаттарға ие болды. Үш жерлесіміз “Құрмет” орденіне лайық деп табылды. Бірқатар жерлестеріміз “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл азаматтар  ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, спорт, денсаулық сақтау салаларында тынбай еңбек етіп, өңірдің дамуына атсалысып келеді.
Енді он тоғыз жыл ішінде өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр алдымызда. Егеменді еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста алда талай асу-белдер, сын кезеңдер тұр. Ал оларды бағындыру бірлігі жарасқан қазақстандықтардың қолынан келетінін уақыттың өзі дәлелдеді емес пе.

 Айымгүл Әбілева