Спорт

Каратешілер Көкшетаудан жеңіспен оралды

 

 

 

 

 

 

Осы жолы СҚО шинкиокушинкай каратэ федерациясының қоржынына алтын алқаны  Николай Рогов түсірді. 11 жасар каратэші 7 жыл ішінде бірнеше жарыстарға қатысып, талай асуларды бағындырып үлгерген. Ақмола облысының біріншілігінде орта буындағы жасөспірімдермен иық тірестірген спортшы қарсыластарының мықты болғанын айтады.

  Николай Рогов, каратэ шинкиокушинкайдан өткен Ақмола облысы біріншілігінің жеңімпазы:
– Қарсыластарым үлкен бәсеке туғызды.
Бұл менің жалғыз жетістігім емес. Мұның алдында талай рет үздік үштіктер құрамынан көріндім.

Келесі жүлдегеріміз – Данияр Қаппасов үш кездесуде де қарсыластарына тізе бүктіргенімен, соңғысына дес беріп алған. Теміртау қаласының спорт шебері, әрі қара белбеу иесі жерлесімізді І орынға келе жатқан жерінен шалып түсірген. Осылайша Даниярға күміс алқаны қанағат тұтуға тура келді.

  Данияр Қаппасов, каратэ шинкиокушинкайдан өткен Ақмола облысы біріншілігінің күміс жүлдегері:
 – Қарсыластар мықты болды. Бірақ келесі жолы бірінші орын алуға тырысамын.

Жергілікті шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Руслан Сәрсенбаев жарысты жоғары   бағалап отыр.

  Руслан Сәрсенбаев,  Петропавл қаласы СҚО шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті:
 – Көкшетауда өткен жарысқа 4 бала барды.
4-уі де финалға өтті. Жарыс өте жақсы болды деп ойлаймын. Дегенмен дайындыққа уақыт өте тығыз болды.

Жерлес спортшыларымыздың каратэдегі  аяқ алыстары жаман емес. Мәселен, Жастілек Исмақанов шинкиокушинкаймен 8 жыл бойы шұғылданған. Ал оның соңғы екі жылын қара белдік алуға арнап, сол арманын биыл жазда жүзеге асырған.

  Жастілек Исмақанов, каратэ шинкиокушинкайдан спорт шебері:
 – Мен жазда Астана қаласында Жапониядан келген шинкиокушинкай халықаралық каратэ федерациясының президенті алдында сынақ тапсырдым. Екі күн семинарға қатысып, кейін бар білгенімді тәжірибе жүзінде көрсеттім.

Енді спортшылар желтоқсанның 16-17 Астанада өтетін қысқы Қазақстан чемпионатына дайындалуда.

Гүлден Сәрсенбаева