Әр түрлі

Аудандардың бас шыршалары жағылуда

 

«Қара жорғаны»  мың бұрала билеген аққайыңдық оқушылар  Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алды. Жылдардың бір нүктеде тоғысуы театрландырылған көрініс арқылы берілді. Табысты болған  2010 жылдың нышаны  – қарлы барстың игі істерін іліп әкетуге қамданып жатқан келер жылдың символы  – ақ қоян мерекелік кешке жиналған қауымның көңілін көтеруге тырысып бақты. Аққайың ауданының өнерлі жастары да ән мен жырдан шашу шаштты. Жаңа жылдың басты көркі  – әсем шырша жағылғанда думанды кеш одан бетер әрленіп кетті. Аудан орталығындағы стадионда орнатылған көрікті де биік жасыл желек түрлі түсті шамдардың сәулелерінде жайнай түскен сәнді ойыншықтармен безендірілген.   Жүздері бал-бұл жанған балақайлар шыршаны айналып, жаңажылдық әндерге кезек берілді. Күлкі мен шаттыққа толы кеште Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев жаңажылдық шыршаны тамашалауға келген халықты мерекемен құттықтады. Кейін аудан басшысы  барлық ауылдық мектептерге 160 дана шаңғы мен коньки сияқты спорт жабдықтарын тарту етті.

Рүстем Елубаев,  Аққайың ауданының әкімі:
-Елбасы халқымыздың 30 пайызын спортқа тарту керек деген.  Ауданда аулалық клуб жұмыс істейді, онда 12 секция бар.
Бүгінгі күнде аудандағы 12 округтің барлығында мұз айдыны құйылған. Осының бәрі балалар үшін. Мектеп оқушылары  ертеңгі каникулда осында жақсы демалады.

Әр аудан орталығында мұз қалашықтарында шырша орнатылып, мұз айдыны құйылды. Айналасында мұз бен қардан ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері соғылған. Оларды бойлай түрлі-түсті шамдар ілініп, сәнделген. Коньки, шаңғы теуіп, зырылдап сырғанап жүрген ойын балаларының қуанышында шек жоқ.

 Балалар:

Мен балалармен мұнда коньки тебуге келемін. Өте әдемі, маған бәрі ұнайды. Шыршаны айналып жүреміз.
Біріншіден, барлығын келе жатқан Тәуелсіздік  мерекесі және Жаңажылмен құттықтаймын. Балалар үшін тегін конькилер бөлініп жатыр. Бізге жасалған барлық жағдайлаар, қойылған шыршалар барлығымыздың көңілімізді көтеріп тұр.

Күннің суығына қарамастан мерекеге ауданның кәрі-жасы көп жиналған.

 Раузада Махамбетова:
 – Осындай мереке болып жатқанына өте қуаныштымыз. Өте қызықты. Міне жастар жиналып, сондай жақсы дем алып жатырмыз.
Болатбек Құсайынов
:
 – Келе жатқан Жаңа жыл әр отбасына құтбереке әкелсін. Ата-аналар атынан ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. Осындай мейрамдар бола берсін.

Осылайша облысымыздың әр ауданында шыршалар жағылып, жаңа жылды тойлау басталды.

Жеңіс Ермұқанов