Билік

Облыстық мәслихаттың 30-шы сессиясы



 

 Депутаттар алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған 2010-2012 жылдарға арналған бюджет бойынша нақтылауларды бекітті. Оған 2010 жылға бөлінген 1 млн 216 мың теңге ілікті. Сондай-ақ толық пайдаланылмаған ағымдағы 3 миллион 664 мың теңге республикалық бюджетке қайтарылатын болды. Ал 2011-2013 жылдарға арналған бюджетті жіліктеген Еркін Жоланов әр кезең мен салаға бағытталған қаржының қайда жұмсалатындығын баяндады.

  Еркін Жоланов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:

– Бүгінде облысқа алдағы үш жылға жоспарланған трансферттер белгілі. 2011 жылға жоспарланған республикалық трансферт 47 млрд, 2012 жылға 50 млрд 717 млн, 2013 жылға 50 млрд, 820 млн теңгені құрап отыр.

2011 жылғы бюджеттің әлеуметтік салаға бейімделгенін басқарма бастығы ерекше атап өтті. Білім беру саласына  – 29 , денсаулық сақтауға 9 миллиард теңге бағытталмақ.

  Еркін Жоланов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:

– Республикалық трансферттерді есепке алмағанда облыс бюджетінің шығыс бөлігі 64 млрд. 811 миллион теңгені құрап отыр.

Ал 2009-2010 жылдары тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытуға 11,2 млрд теңге бағытталған. Бұл сала бойынша жұмыс атқаруда “Жол картасы” бағдарламасының орны ерекше.

 Антон Федяев, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:

-2010 жылы жалпы құны 2 млрд теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылды. Сумен қамтамасын ету нысандарын жөндеу мен қалпына келтіруге  610 млн, жылу жүйесіне 139, электр қуатымен қамтамасыз етуге 367, көгалдандыруға 351 млн теңге жұмсалды.


Тұрғын үй-коммуналдық салада соңғы екі жылда атқарылған жұмыс бойынша есеп сессияға дейін мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралған болатын. Депутаттар Брусиловский көшесіндегі 61,63,  65 үйлердің пәтерлері қыста жылымай қойғанын басшыларға құлаққағыс етті. Ал № 12 мектепке дейінгі канализациялық жүйе ауыстырылғанымен, жертөле суға толып тұр. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің желдеткіш жүйесін іске қосу үшін қосымша қуат көзі керек. Бұл мәселелерді депутаттар тұрғын үй-коммуналдық қызмет басқармасының өкілдері есепке алып, шара қолдансын деген ниетпен тізбектеді.
Сессия жұмысында соңғы бес жылға жоспарланған өңірлік білім беруді дамыту бағдарламасының да қорытындылары шығарылды. Осы уақыт аралығында облыста 23 жалпы білім беретін мектеп ашылды. Мектепке дейін тәрбие беретін нысандар саны 17 есеге өсті. Облыста осыдан 5 жыл бұрын 31 интернат болса, қазір олардың саны 72-ге жетті.  2005 жылы мұғалімдердің 64 пайызы жоғары білімді болса, биыл олардың 83 пайызының ЖОО аяқтағандары туралы дипломдары бар. Оқушыларды ыстық тамақпен, оқулықпен қамтамасыз ету жұмыстары назардан шығарылған емес. Жылдан-жылға түлектердің ҰБТ- гі нәтижелері жоғарылап келеді. Көңіл қуантарлық сандарға қарама-қайшы тағы бір ақпарат – соңғы бес жылдағы бала санының азаюы. 2005 жылдан бері мектептегі оқушылардың саны 30 мыңға қысқарған. Депутаттар бағдарлама бойынша есепті қабылдады.

 Әсем Сембина