Денсаулық сақтау

Түмендік кардиохирургтардың көмегі

 



 

Сенбі күні түмендік 8 кардиохирург қайта отандарына аттанады. Сондықтан  Илья Тотолин соңғы рет емделушілерін аралап, жағдайларымен танысуда. Үстіміздегі жылы ресейлік дәрігерлер Солтүстік Қазақстан жерінде 21 операция өткізді. Тағы 9 бала Түменнің өзіне барып ем ала алды. Ал соңғы сапарларында шетелдік жүрек мамандары    солтүстікқазақстандық 7 баланың өмірін сақтап қала алды.

  Илья Тотолин, Түмен облыстық клиникалық ауруханасының балалар кардиологы:
 -Жүрек ақауларының әр түрі және туа біткен жүрек ақауларына ота жасадық. Балақайлардың барлығы тәп-тәуір. Өздерін тың сезінеді.

Не бары бір жастағы Артемий Жорник кеше ғана күрделі операциядан аман-есен өтті. Нәрестенің жүрегіндегі ақау 9 айлығында анықталған. Уақыт созбай, Артемийдің ата-анасы түмендік дәрігерлердің көмегіне жүгініпті.

  Анастасия Жорник, Артемийдің анасы:
Түмендік дәрігерлерге рақмет айтамыз. Аурухана қызметкерлеріне де алғысымыз шексіз. Енді ғана жаным жай тапты. Біз бақытты ата-анамыз.

Артемий тез жазылып келеді. 8-10 күннің шамасында ауруханадан да шығады. Бұл жолы ресейлік дәрігерлер 13 жасар Гүлмира Асановаға да ота жасаған.
 Гүлмира Асанова:
Маған жексенбі күні операция жасады. Операция жақсы өтті.

Енді  бұл балалар жарты жылдан кейін қайта дәрігердің қарауынан өтуі керек. Ал бірнеше жылдан кейін олар қатарластары сияқты толыққанды өмір сүре алады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша жүрек ауруына 420 мың бала шалдыққан. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай 3 мыңнан астам бала бар. Сондықтан бұл әріптестік алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

  Александр Құдайбергенов,  облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің аясында балаларды Қазақстанның әр өңірінен алуды жоспарлап отырмыз. Есесіне бұған мемлекеттен қаржы бөлінеді. Қостанай, Ақмола, тіпті Қарағанды облысының кішкентай тұрғындарын да шақыруды жоспарлап отырмыз.

Келесі жылы облыстық балалар ауруханасында түмендік кардиохирургтар тағы 35 балаға денсаулық   сыйламақ. Және  20 бүлдіршін Түменнің өзіне барып, сапалы ем алады.

Гүлмира Шоқтыбаева