Энергетика

“Энергия үнемдеу – жалпы мемлекеттік деңгейдегі міндет”

  

 

 

 

 Энергия үнемдеу – бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Осыған орай энергияны қолдану тиімділігін арттыру қажет. Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында бұл бағытқа үлкен мән беріп келеді. 2020 жылға дейін шығынды жиырма бес пайызға азайтуымыз керек. Бұл мәселеге соңғы жылдары еліміздің барлық өңірлерінде баса назар аударылып,  көптеген іс-шаралар қолға алынды.

  Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
 – Біздің облыста бұл жұмыс жақсы жүріп жатыр. 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар аясында 2015 жылға дейінгі міндеттерді біз бүгінде орындап қойдық. СКРЭК, мәселен, бес жылда емес, екі жылда шығындарын азайтты.

Энергия үнемдеу бағытында біршама жұмыс еңсерілді. Бірақ алда бұдан да үлкен міндеттер тұр. Мәселені халық арасында кеңінен насихаттаудың  маңызы зор. “Энергия үнемдеу – жалпымемлекеттік міндет қана емес, әр адамның ісі” деген қағиданы негізге алатын болсақ, жұмыстың анағұрлым нәтижелі болатыны анық.

  Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Халыққа айтарым, Ресейден көріп отырсыздар, есептегіш құрылғыларға көшуіміз керек. Онсыз болмайды.

Айта кету керек, тұрғын үй қорында энергия үнемдеу мәселесі өте өзекті. Сараптама кезінде жылудың шамамен 20-30 пайызы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, қабырғасы және терезесі арқылы жоғалатыны анықталған. Осылайша қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үйлер жылу энергиясын ең бейберекет пайдаланатындардың қатарында болып отыр. Бұл бағыттағы түйткілдерді шешу жолдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Келесі жылы әрбір өңірде екі пилоттық жоба қолға алынбақ. Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы секторына инновация мен энергия ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу заман талабы болып отыр.

Айымгүл Әбілева