Білім

Кітапханашылар тәжірибе алмасты

 

 

 

 

Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері өз оқырмандарына сапалы қызмет көрсету үшін біліктіліктерін әрдайым шыңдап отырады. Бүгінгі шеберлік сабағы да соған бағытталған. ШҚО кітапханасының өкілдері жергілікті әріптестеріне соңғы 10 жылда ақпараттық технологияларды қолдану бағытында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісуге келген.

  Күлзада Карчалова, ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры :
Біздің мақсатымыз Солтүстік Қазақстан кітапханаларына өз дәрежемізді көрсету. Интернет жүйесін жұмыста қодануды үйрету. Былтыр біз республикалық семинарда осы кітапхананың директорымен кездескен едік. Содан кейін Раиса Орынбасарова бізді осы жерге шақырды.

Өскемен қаласында инновациялық әдістемелік жұмыстарды дамытуда бірталай істің басын қайырған Ольга Меньшикова жиынға келгендерді ақпараттық технологияның тиімді тұстарымен таныстырды. Білікті маманның айтуынша, бұрындары оқырманға керек әдебиет пен оқулықты табу үшін картотека қолданылып, оған 10-15 минут уақыт жұмсалса, локальдық жүйенің арқасында қажет материалдарды бірден табуға болады екен.

  Ольга Меньшикова,  ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасының инновациялық әдістемелік жұмыстар бөлімінің бастығы:
Мен ақпараттық технологияны қолдану әдісін аудандық кітапханашыларға түсіндіргім келеді. Біз бұл жүйемен 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеміз.

196 мыңнан астам әдебиеттер мен оқу құралдары бар Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы  заманауи талаптарға сай жұмыс істеу үшін біраз істерді қолға алған. Жақында кітапхананың ақпараттық жүйесіне “рабис” бағдарламасы қосылған. Енді кішкентай оқырмандар қажет ақпараттарын компьютердің көмегімен тез арада таба алады.

  Майра Мақышева,  Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қазақ   әдебиеті  бөлімінің жетекшісі:
Кітапхана біраз жұмыстарды жаңа техникамен атқарып келе жатыр. Кітапхананың әр бөлімінде компьютер бар. Оны оқырмандар қолданады. Электрондық каталог ұйымдастырып жатырмыз.Оған кітап атаулары енгізілуде.

Кітапханашылар шеберлік сабағын облысымыздың барлық аудандарынан келіп тыңдауда. Мұндай пайдалы кеңестер әрі қарай Республикамыздың басқа да қалаларында жалғасатын болады.

Гүлден Сәрсенбаева