ТКШ

Тұрғын үйлер суық

 

 

 

 

 

Желтоқсан басталмай жатып облыс орталығының бірқатар аудандарында жылу беру бірнеше мәрте тоқтатылған. Энергетиктер бар гәп жылу магистралінің істен шығуында екенін айтады.

  Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
– Желтоқсанның үші № 2 жылу магистралінде орын алған апатқа байланысты жылу беру тоқтатылды.
Құбыр жарылды. Жөндеу жұмыстары ауыр жағдайда жүргізілді. Батпақ пайда болып, апат орнына техниканың жетуі қиындық тудырды. Бұл желіні сөндіру қалаға жылу жіберуді төмендетуге алып келді.

Қиындықтарға қарамастан зақымдалған құбыр жөнделіпті. Бірақ Бензострой ауданының тұрғындары әлі күнге дейін үйлерінің суықтығына шағымданып отыр. Андрей Калиничев оның себебін тексереміз деп уәде етті. Аудан тұрғындары өткен жылы да баспаналарының салқын болғанын айтады. Ал “биыл қалай болар екен деген” қауіптері тіптен зор. Қыс басталмай жатып, үйдегі температура мөлшерден төмен. Бұл тек Бензострой халқының ғана бас ауруы емес. Облыс орталығының бірқатар аудандарындағы жағдай да осы. Энергетиктер құбырлардың әбден тозғандығын алға тартады. Осының салдарынан өткен жылы жылу желілері 58 рет істен шықса, биыл бұл көрсеткіш 69-ға жеткен.

  Андрей Калиничев, “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
– Желілер 60-80 жылдары тартылған. Ескі құбырларды жаңартып үлгере алмай жатырмыз. 

Сонымен қатар тұрғындар жылу желілеріндегі апат жайында оларды ешкім құлағдар етпейтіндеріне де шағымданып отыр. Жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорынның диспетчерлік қызметіне де наразылықтары жоқ емес. Олардың айтуынша, диспетчерлер тұрғындарды жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларына қарсы қоятын көрінеді. Үйдің суықтығына солардың кінәлі екеніне сендіріп бағады екен. Осы тәрізді түсініспеушіліктерді жою үшін қала әкімі Нұржан Әшімбетов арнайы комиссия құрамыз деді. Олар облыс орталығын жылумен қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелерді қадағалап отыратын болады.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
 – Комиссия құрамына жылу желілерінің барлық талаптары орындалған жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын енгізуіміз қажет. Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері де ортақ іске жұмылғандары жөн. Алдымызда бір міндет тұр – бұл жылуға қатысты барлық мәселелерді жүйелі шешіп, жылыту маусымын тиісті деңгейде өткізуіміз керек.

 Айымгүл Әбілева