Денсаулық сақтау

Перинаталдық орталық жөнделді

 

 

 

 

 Облыстық перинаталдық орталыққа соңғы жиырма жылда болмаған жөндеу жүргізілді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша бұл нысанға 300 миллион 600 мың теңге бөлінді. Барлық қабаттардағы терезе-әйнектер ауыстырылып, шатыр жөнделді. Облыс әкімі Серік Біләлов әр қабатты аралап, медициналық қызметкерлермен кездесті. Екі тәулік бұрын жаңарған ғимаратқа көшкен дәрігерлер мен медбикелер осы уақытта 27 әйелді босандырыпты. Жөндеу кезінде медициналық нысан үшін ең маңызды болған  желдеткіштерге ерекше көңіл бөлінді. Сантехника түгел ауыстырылып, жүкті әйелдер мен сәбилер, медициналық қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалды. Енді облыста бала санын көбейту үшін нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр деп ауыз толтырып айтуға болады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Облыстағы демографиялық жағдай аса бапты емес. Бала туу саны бойынша ең төменгі орындамыз. Біз бүгінде “Ұрпақ қорын” құрдық. Осы қор бойынша 2011 жылға облыс бюджетінен 700 млн теңге қарастырып отырмыз.

Ал “Ұрпақ қоры” арқылы депозит ашып беретін сәбилер осы күндері-ақ туған. Шал ақын ауданынан келген Наталья Татарникова дүниеге бесінші, айыртаулық Сая Қажыкенова төртінші сәбилерін әкелді.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

4 балаға депозитке ақша саламыз. Бала үлкен азамат болсын.

Күрделі жөндеудің арқасында бала туу, туған-туыстарға арналған бөлмелерді халықаралық стандарттарға сай жабдықтаудың сәті түсті.

  Жанна Маутова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

Палаталар кең әрі жарық. Ендігі уақытта жаңа принциптер бойынша босандыру мүмкіндіктері бар. Екіқабат әйел жеке туу залында босанады. Қасына біреуді ертіп әкелуге де болады.

Жыл сайын облыстағы әйелдердің 60 пайызы осы орталықта босанады. Сондай-ақ ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патологиясы бар әйелдерді де ертерек осында жеткізу мүмкіндіктері қарастырылуда.  

Әсем Сембина