Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласын реформалау нәтижелері

 

 

 

 

 Уақыт көрсетіп отырғандай, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің кемшін тұстары баршылық. Жаңа жүйе жетілдіруді қажет етеді. Бұл үшін жүйеге қандай өзгерістер енгізген жөн. Жергілікті жерлерде нендей проблемалар бар? Осы жәйттарды дәрігерлерден сұрап-білу үшін облысқа ел Парламенті Мәжілісінің депутаты Бәғила Баймағамбетова арнайы келіпті.

  Бағила Баймағамбетова,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Нұр Отан” ХДП мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі сараптамалық топтың мүшесі:
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жөнінде бүгінде қоғам ішінде түрлі пікірлер бар. Біреулер жүйенің қажеттігін айтады. Кейбіреулер оны жетілдіру керек дейді. Тіпті бұрынғы жүйеге қайта көшу қажет дейтіндер де жоқ емес. Қайткен күнде де артқа шегінер жол жоқ. Халық зардап шекпеу үшін оған өзгерістер енгізу шарт. Осы мақсатпен сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдау үшін келіп отырмын.

Бірыңғай ұлттық жүйе бірінші жыл ғана жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жағдайды түзеуге әлі кеш емес. Алдымен ауруханаларды компьютерлендіру мәселесін шешіп алу қажет дейді дәрігерлер. Содан кейін барып қана жаңа жүйенің тиімділігін арттыру жөнінде айтуға болады.

Анатолий Ко
, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
– Бұл мәселені ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтпай, яғни толық компьютерлендірмей, шешу мүмкін емес. 

Тағы бір проблема – күні кеше ғана ішкі істер департаменті медициналық айықтырғышты денсаулық сақтау басқармасының еншісіне берген. Айта кету керек, бұл құқық қорғау органдарын реформалау аясында жасалып отырған шара. Бірақ ауруханалар бұған дайын болмай шықты.

  Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
– Қазір олар бізге әкелініп жатыр, ал мас болған адамды стационарға жатқыза алмаймыз, ол ауру емес қой. Ал біздің қабылдау бөлімдеріне күн сайын 15-20 мас жеткізіледі.  

Осыған байланысты жедел жәрдемнің қызмет аясы кеңейе түсіпті. Енді олар да көшедегі мас адамдарды айықтырғышқа жеткізуге кіріскен. Анатолий Ко бұл мәселені шешудің уақытша амалын таптық дейді. Кездесуде өзге де түйіткілдер айтылды. Ақ халаттылар жаңа жүйе енгізілгенімен, салмақты талдау жүргізілмейтіндігін айтады. Сараптама негізінде ғана келесі жылға жоспар құруға болады. Мамандар тапшылығы мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді.

Айымгүл Әбілева