Мәдениет

Үкілі Ыбырай атындағы бақ

 

 

 

 

Халқын пір тұтқанды халқы да ұл тұтар. Осы қанатты сөздің айқын айғағы – қазақтың біртуар ұлы Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығына орай қаламыздың орталығында халық сазгері, ақынға ескерткіш қойылған бақтың ашылуы. Айтулы оқиға ұлыларын ұлағаттаған халқымыздың ардақты перзентіне көрсеткен зор құрметі екені даусыз. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы Серік Біләлов ел өміріндегі бүгінгі айтулы оқиға – тәуелсіздігіміздің жемісі екенін ерекше атап өтті. Егеменді ел атануымыздың арқасында өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз түгенделуде.  Аса көрнекті композитор, әнші әрі ақын Үкілі Ыбырай кейінгі ұрпаққа баға жетпес мол мұра қалдырып кетті. Оның музыкалық мұрасында қырыққа жуық ән бар. Ел арасына кең тараған “Гәкку” әні Үкілі Ыбырай шығармашылығының шыңы болып табылады.  Үкілі Ыбырайдың балалық шағы қазіргі Айыртау ауданында өтті. Ақынның 150 жылдығына орай биыл оның туған ауылы – Өскенге Үкілі Ыбырай есімі берілді. Сонымен қатар күні кеше ауылда халық сазгерінің құрметіне ескерткіш те ашылды. “Ардақ тұтатын халқы барда оның есімі ешқашан өлмейді” дейді Үкілі Ыбырайдың туған немересі Елемес апай.

  Елемес Қойманова, Үкілі Ыбырайдың немересі:
Бұл кісінің бір сөзі бар. Милиция әкетіп бара жатқанда жылап қалған балаларына   “Мен өлмеймін ғой, балаларым, сендер өлмеңдер депті. Сол өлмегені осы ғой. Айтқаны келді. Аруағы риза. Шарапаты тисін.

Үкілі Ыбырай атындағы бақтың құрылысы қараша айында басталған. Бір ай ішінде аумақ қурай мен қоқыстан  арылып, басқа кейіпке енді. Бұл жерге қарағайлар отырғызылып, орындықтар қойылыпты. Қалалықтар облыс орталығында тағы бір демалыс орнының пайда болғанына қуанышты.

Айымгүл Әбілева