175 бүлдіршін балабақшаға баратын болды

Білім

17:17 8 Желтоксан 2010

“Петушок” бөбекжайындағы  270 балдырғанның қатары тағы 100 кішкентаймен толықты. Ауқымды ғимараттың жалға берілген бөлігі қайтарылып, қосымша топтарды қабылдау мүмкіндігі туған. Бұл ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды. Жаңа 4 топта кішкентайлар тиісті тәрбие алып, ой-өрістерін кеңейтеді.

 Гүләйім Ноқышева:
– Мен өте қуаныштымын осындай бақшалар ашылып жатқанына. Менің қызым енді осы бақшаға барады.
Мен жұмысқа орналаса алатын болдым. Қызыма жасалған барлық жағдайларды көрдім. Өте жақсы екен.

Жаңа топтардағы түскі ұйқы, ойын, оқу бөлмелері, компьютер сыныбы жаңа жиһазбен жабдықталған. Бұл мақсатқа “Балапан” бағдарламасы бойынша 13 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жаңа топтардың тәрбиеленушілеріне қала әкімі Нұржан Әшімбетов теледидарды сыйға тарту етті. Сондай-ақ  № 26 орта мектепте де қосымша 75 орын ашылды. Мұндағы 5 топтың 2-і қазақ тілінде. Қазақ тілі мұғалімі, психолог, логопед, музыкант мамандар бар.  Балалардың жақсы тәрбие алуына барлық  жағдайлар ұйымдастырылған дейді мектеп басшылары. Мұндағы 10 тәрбиеші мен олардың көмекшілері арнаулы жоғары білімді мамандар. Танымдық сабақтар қос тілде жүргізіледі. Бағдарламада  дене жаттығуларына да көп көңіл бөлінеді. Түскі ұйқы сағаттары да қарастырылыпты. Ас мәзірі де ағзаға пайдалы дәрумендерге толы. Күніне 4 мәрте тамақтанады. Мұндағы қосымша топтарды ашу үшін республикалық бюджеттен 9 млн. теңге бөлінген. Қаражаттың бір бөлігін қалалық әкімдік өз мойнына алған. Жалпы биыл кезекте тұрған 804 бүлдіршін балабақшамен қамтылды.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
 – Бұдан басқа биыл бізде жаңадан құрылыс басталды. Бір балабақша “Қарасай” стадионының жанында.
Келесі жылға дейін бітіреміз. Осы жылы 60 пайыз балаларды қамтыдық. Елбасы тапсырма берді 2015 жылға дейін барлық балаларды балабақша орындарымен қамту. Сондықтан осыған қатысты жұмыстар жасаймыз әрі қарай.

Облыс орталығында бұрындары балабақша үшін салынған тағы 5 ғимарат бар. Жуық арада олар да бүлдіршіндерге қайтарылмақ. Әзірге мектепке дейінгі тәрбие алу кезегінде қала бойынша 6 мыңнан астам бала тұр.

 Жеңіс Ермұқанов