Мәдениет

Валерий Хреновты еске алу кеші



 

Валерий Хренов өнер көрсеткен әрбір кешке де осылайша халық көп жиналатын. Көрермендер өнер иесі жайлы шағын фильмді тамашалады. Оның жаттығып жатқан кездері, балетмейстермен жазылған сұхбаттар – фильмде сахна шебері ғұмырының бір кезеңі қамтылған. “Асқан дарын иесі еді” деп еске алады әріптестері мен достары. Қашанда тамаша идеялардың шырмауында жүретін талантпен Мариетта Ворожбитова да таныс болған. Валерий Хренов қойған испандық балероны үлкен ынтамен орындаған едім дейді ол.

  Мариетта Ворожбитова,  ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:  
Ол өте кербез жан еді. Жанындағылардың бәрін сонша энергиясымен таң қалдыратын. Оның еңбекқорлығын да ерекше атап өтпеуге болмайды.

Валерий Хреновтың “Көктем вальсі” биі күні бүгінге дейін “Арай” ансамблінің визиттік карточкасы болып отыр.  Өнер ұжымының қазіргі көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин арада он төрт жыл өтсе де, биге ешқандай өзгерістер енгізбеген. Сол баяғы әуен, әсем қимылдар мен әдемі костюмдер. Бүгінде сахна тарланының ісін Жанна Темірбаева, Михаил Лахтин, Галина Жұмалеева тәрізді шәкірттері  жалғастыруда.
“Қарлығаш” ансамблі де Валерий Хренов қамқорлық танытқан өнер ұжымдарының бірі. “Қарлығашта” өсіп жетілгендер кейін “Арай” ансамблінің қатарына қабылданған. Бұл достық қарым-қатынас бүгінге  дейін сақталған. Дарын иесін еске алу үшін жерлестері ғана емес,  көрші Ресейден де қонақтар келіпті.

  Диана Зарипова,  “Поиск” жастар шығармашылығы орталығының бишісі , Челябі қаласы:
Біз Петропавл сахнасында өнер көрсеткенімізге қуаныштымыз. Жетекшіміз Валерий Хреновпен таныс болған. Ол бізге оның өте дарынды адам болғанын талай рет айтқан еді.

Көрермендер бұндай би мерекесінің Петропавлда көптен бері болмағанын айтады. Бағдарлама жұртшылықтың көңілінен шықты.

 Көрермен:

– Концерт өте ұнады. Бишілердің өнері керемет.Осындай кештер жиірек болса дейміз.
 
Екі сағат тез-ақ өтіп кетті. Сахна төріне көрермендерге нағыз би мерекесін сыйлағандар көтерілді. Үздік көркемдік жетекшілердің еңбегі бағаланып, олар алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Айымгүл Әбілева