“Жемқорлықпен күрес – әркімнің борышы”

Әр түрлі

6:07 7 Желтоксан 2010

Сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселе. Бұл індеттің тамырына балта шабу үшін не істеу керек? Қандай шаралар қолданған жөн? Осы түйіткілдерді кезекті рет талқылау үшін партияның аудандық филиалы дөңгелек үстел ұйымдастырған. Бірақ, бір өкініштісі, “Жемқорлықпен күрес – әркімнің борышы” тақырыбын арқау еткен кездесуге құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары келе алмапты.
Ал жиынға қатысушлар халық арасында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастырып, мемлекеттік құрылымдар қызметіне қоғамдық бақылауды белсенді ету мәселелерін  сөз етті. Партияның аудандық филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің бір жыл көлемінде атқарған жұмыстары қорытындыланды. Үстіміздегі жылы қоғамдық кеңеске тұрғындардан тоғыз шағым түсіпті. Үшеуі расталған.

  Алексей Доронгов, “Нұр Отан” ХДП Қызылжар аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы:
 – Бүгінгі күні қоғамдық кеңес жұмысының маңызы үлкен. Өйткені  халық кез келген жағдайда құқық қорғау органдарына бара алмайды. Ал біз тұрғындарға кеңес беріп, тиісті бағыт береміз.

Жыл басынан Қызылжар ауданында жемқорлық қылмыс жасаған төрт мемлекеттік қызметшінің үстінен іс қозғалыпты. Барлығы сотта қаралып, заңды белінен басқан шенеуніктер жауапқа тартылған. Салық және аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлары , төтенше жағдайлар бөлімі мен ауылдық округтің жетекші мамандары екіден үш жылға дейін шартты түрде жазаларын өтейді. Жасалған қылмыс үшін берілген жазаның қаншалықты сәйкестігі де жиында айтылды. Жемқорлықпен күресте партиялық бақылау бекеттерінің де өзіндік рөлі бар.

  Күләш Естанова,  Қызылжар аудандық орталық кітапханасының директоры:
 –Биыл “Жол картасы” бағдарламасы аясында аудандық кітапхананы жөндеуден өткізуге 11 млн. теңге қаржы бөлінді. Жүргізілген жұмысты партиялық бақылау бекеті қадағалап отырды.

Прокурорлар биыл ауданның мемлекеттік органдарында жүргізген тексеріс нәтижесінде жиырма жеті заңбұзушылық анықтаған. Оның жетеуі жемқорлыққа қатысты.
 

Айымгүл Әбілева