Билік

Облыс әкімінің Мамлют ауданына жұмыс сапары

 

 

 

 

 Мамлютка қаласының Жұмысшы кентіндегі №2 орта мектепте бүгінде 180 оқушы білім алуда. Тағы 140 шақты бала темір жолды кесіп өтіп, қаланың орталығындағы  №1,3 мектептерде оқып жүр. Бастапқыда жатақхана ретінде салынған, кейін аурухана қызметін атқарған ғимаратта балалар 2 ауысымда оқуға мәжбүр. Оның үстіне, қас қарая білім алатындардың дені – бастауыш, орта буын шәкірттері.
Мектеп ғимаратының бүгінгі халі мүшкіл. Біріншіден, жатақханаға сайлап салынған мектептің сыныптары тар болса, екіншіден, әбден ескірген. Ұстаздар қауымы оның қыстыгүндері жылу сақтайтындығына ғана разы. Ал жазғытұрым мектептің бірінші қабатына су өтіп кетеді. Батпақты жерде қабырғасы қаланған ғимараттың іргетасы да жоқ. Сондықтан қалай болғанда да мәселе шешілуі болуы керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Келесі жылы Мамлюткада балабақша құрылысын жоспарлаған болатынбыз. Бірақ  ол орталықта салынуы тиіс. Бірінші ұсыныс – сол балабақшаны осы жерден ашу. Немесе  мына мектептің жанынан қосымша жаңа ғимарат тұрғызу керек. Ал республикалық бюджеттен қаржы сұрап, үлкен мектеп сала алмаймыз. Өйткені Мамлютте ондай мектеп-интернат бар. Облыстық бюджеттен 100-150 млн теңге бөле аламыз. Жаңа жылға дейін нақты жауап керек.

Аудан тұрғындарынан бөбектерін шағын орталыққа беруге 40 өтініш түскен екен. Ал барлығы Жұмысшы кентінде 2-ден 6 жасқа дейінгі 132 бүлдіршін бар. Сондықтан бұл кентке балабақша артық етпейді.
Ал Становой селолық округындағы Афонькино селосында «Жол картасы» бағдарламасы аясында мәдениет үйі жөндеуден өтіпті. Жаз бойына ғимаратта 9 млн 866 мың теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қабырға, есіктері жаңарған мәдениет үйіне осы күні Қазпошта бөлімшесі  жайғасыпты. Алайда  округ бойынша баспасөзге жазылушылардың қатары қалың емес. Селолық округ әкімінің аппараты да осы ғимаратта орналасқан. Қолы босағанда елді мекен тұрғындары қайта есігін ашқан кітапханаға келе алады. Қазіргі таңда мұндағы әдебиет қоры 10 мың 862 дананы құрайды. Мәдениет үйінде екі көрермен залы бар, бірі шағын болса, екіншісінде ауылдағы маңызды мерекелер аталып өтіледі. Ал Афонькин орта мектебі биыл «Балапан» бағдарламасының нәтижесін көріп отыр. Мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 19 бүлдіршін тәрбие алуда. Білім мекемесінің директоры Ерік Ғаббасов асханадағы түскі астың 35 теңгеден айналатынын айтады. Азық-түлікті арзандатуға мектеп жанындағы бақшада көкөніс өсірілуі мүмкіндік беріпті. Бүгінде Афонькино селосында 600 адам тұрып жатыр. Облыс әкімі елді мекен тұрғындарына медициналық жәрдем беру жайымен де танысты. Тұрғындардың дені сырқаттанғанда селолық дәрігерлік амбулаторияға жүгінетін көрінеді. Соңғы уақытта медициналық мекемедегі жабдық жаңартылған. Воскресенов селолық округына қарасты Искра елді мекенінде облыс әкімі “Союз” шаруа қожалығының шошқа фермасында болды. Аналық шошқаларды кәсіпкер «Казагрофинанс» арқылы несиеге сатып алыпты. Осы күні талпақ танаулардың саны 1000 басқа жетіп үлгерген. Евгений Быков шаруашылықты өркендету үшін әлі де қаржы керектігін айтады. Әлеуметтік  әріптестік  аясында қожалық басшысы  Искра ауылындағы клубты қалпына келтіруді қолға алған. Тұрғындар ғимарат әбден ескіргенімен, оны әлі де қалпына келтіруге болатынына сенімді. 96 үй түтін түтетіп отырған ауыл үшін клуб әбден керек-ақ. Нысан істеп тұрған кезде негізгі мәдени шаралар осы жерде өткізіліп келген-ді.
Облыс әкімі Искра орталау мектебінде де болды. Қазіргі таңда мұндағы 41 балаға 12 ұстаз тәлім беруде. Биыл бірінші сыныпқа 4 бала барса, дайындық бөлімінде 5 бүлдіршін білім алуда. Мектептің шағын болса да спортзалы бар. Қыстыгүні оқушылар дене шынықтыру сабақтарында негізінен шаңғы тебеді. Алайда спорт құралы бәріне жете бермейді. Сондықтан облыс әкімі оқушыларға 15 жұп шаңғыны сыйға тартты.  Аудандағы өзге де өзекті мәселелер облыс әкімінің қатысуымен Мамлютка қаласында өткен актив отырысында талқыланды.

Гүлмира Шоқтыбаева