Билік

Мемлекеттік қызметшілерді тестілеу

 

 Мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары үш күн бойы өздерінің кәсіби және жеке қабілеттерін сынайды.  Бұл психометриялық тест арқылы мемлекеттік қызметшілердің заңдарды білумен қатар көшбасшылық қасиеті, іскерлігі, біліктілігі мен қиын жағдайға тап болғанда өзін өзі ұстай білу қабілеті танылады. Біздің облыста бұл тестілеу қыркүйек айынан елімізде қолға алынған пилоттық жоба аясында өткізілуде. Аталған жаңашылдық негізінде мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтар екі кезеңдік байқаудан өтеді. Қазіргі таңда мемлекеттің қызметтің жаңа үлгісін қалыптастыруға бағытталған пилоттық жоба Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Бізде әзірге мемлекеттік қызметшілер тек тестілеуден ғана өтеді. Егер бұл жаңашылдық оң нәтиже беретін болса, жүйе ел көлемінде қолданылатын болады. Жоба 2011 жылдың наурыз айында аяқталмақ.

  Светлана Зайцева, ҚР мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі Агенттігінің СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:
-Тестілеу нәтижесіне сәйкес он критерий бойынша қорытынды шығарылады. Бұл – жетістіктер мотивациясы, коммуникативтілік, әрі қарай дамуға ұмтылу, күйзеліске қарсы тұру, жаңашылдықты қабылдау, ұйымдастырушылық қабілеттері және көшбасшылық, адал қызмет ету қасиеті. Тестілеу нәтижесінің шегі бекітілмеген. Бірақ елу пайыздан кем болмағаны жөн.
 
Барлығы 515 сұрақ. Оларға жауап беруге 2 сағат уақыт беріледі. Мектептегі бағаларыңыз қандай болды? Оттан, қараңғылықтан, жыланнан қорқасыз ба? Көп ақша тауып алған жағдайда не істейсіз? Мемлекеттік қызметшілер осы тәрізді сан түрлі сұрақтарға жауап берулері тиіс.

  Ерлан Бүркітұлы,  “Мемлекеттік қызметшілерді басқару ұлттық орталығы” АҚ СҚО бойынша бас сарапшысы:
 – Тестілеу нәтижесінің электрондық нұсқасы Астанаға жіберіледі. Кейін оның қағаз нұсқасын шығарғаннан кейін мемлекеттік қызметшілер онымен танысып, қол қояды. Сосын оны мемлекеттік қызметші еңбек ететін органға жөнелтеміз.

Бүгінгі күнге дейін 382 әкімшілік мемлекеттік қызметші тестілеуден өткен. Олардың нәтижесі 49-дан 83 пайызға дейін. Бұл жақсы көрсеткіш дейді мамандар. Ендігі кезекте 92 мемлекеттік органның  басшылары  мен орынбасарлары сынақ тапсырады.

Айымгүл Әбілева